Продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқан үш қуанышты бір мерекеге біріктіріп, салтанатты той өткізді: үлкен қызы Әдемидің университет бітіруі, екінші қызы Айымның мектеп бітіруі және кенже ұлы Райымбектің сүндет тойы. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Әнші жақындарын жинап, балаларының жетістіктерін атап өтті. «Отан — отбасынан басталады деп өскен қыздарыңызбын ғой. Балаларымның қуанышына арнап, жақындарымды жинап, баталарын алып, тілектерін тыңдап, әр жақсы сөзді Жаратқан ием, қабыл ете көр деп ішімнен қайталап жүрдім. Отбасымның тойын — Отанымның Астана күнімен қатар тойлау бұйырған екен. Осы күні сіздер де менімен болғандарыңыз үшін, қонақтарыма да, инстаоқырмандарыма да шексіз алғыс айтамын», — деп жазды Мөлдір Мұқан.
Астана күніне орай әнші мұрағаттағы суретін жариялап, Нұрсұлтан Назарбаев туралы естеліктерімен бөлісті. «Астанамды қатты жақсы көремін. Бес перзентімнің өмірге келген қаласы, жастығымның куәсі. 2000 жылы оқуға түсіп, осы қаламен бірге мен де өстім. Қалам да жайнап жарқырап тұр, Еліміз де өркендеп өсіп жатыр. Әр кірпішін жақсы көремін, әр тұрғыны менің туғанымдай деп те айта аламын. Осы атаулы мейрамның құрметіне менің де мұрағатымда сақталып тұрған бейнемен тағы бөліскім келді. Астана қаласына тікелей қатысы бар Елбасымен осындай естелік бар. Ол кісінің қолынан ұстап тұрған сүйкімді томпиған қара қыз — Айым», — деді әнші.
Мөлдір Мұқан үш қуаныштың бірі — қызы Айымның мектеп бітіруі екенін атап өтті. «3 қуаныш — 1 той деген атаумен болған мерекемдегі бір қуанышым қазіргі осы аппақ қызым Айымның мектеп бітіруі еді. Сұлуым, өнерлім, еңбекқорым, ЖОЛЫҢ АШЫҚ БОЛСЫН. Сен менің дұғамдасың, қызым! ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖАРҚЫРАЙ БЕРСІН, БАҒЫҢ БЕС ЕЛІ БОЛСЫН», — тіледі ол.


