Астана әуежайында танымал қазақстандық киберспортшы Даниил Голубенконы (лақап аты — Molodoy) ресми түрде қарсы алу рәсімінің болмауын Туризм және спорт министрлігінің басшысы Ербол Мырзабосынов түсіндірді. Өз ұстанымын ол Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандықтардың наразылығына жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистер министрге Даниил Голубенконың, яғни Molodoy-дың Counter-Strike 2 бойынша ірі турнирде жеңіске жеткенін, алайда елорда әуежайында оны ешкім ресми түрде қарсы алмағанын еске салды.
«Бізде барлық спортшыны ресми чемпионаттардан кейін қарсы алу тетігі бар. Бұл — әлем чемпионаттары, Азия ойындары. Осы жағдайға келсек, спортшы жарыстан кейін емес, жеке сапармен келді», — деді Ербол Мырзабосынов.
Оның айтуынша, киберспорт — жаңа бағыт. Министр елде Болашақ ойындары өткізілгенін және PGL турнирлері ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Ол бұл көбінесе командалық ойын екенін, ал қазақстандық спортшы командалық жарыстарға қатысып жатқанын айтты.
«Федерация тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, Спортты дамыту дирекциясы тарапынан да. Әрине, біз бүгін осы жетістіктерді мақтан тұтамыз, спортшыны қолдаймыз. Яғни киберспорт федерациясы тарапынан спортшымызды халықаралық аренада ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр», — деді министр.


