Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралы (парламенті) ел президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхті қызметтен босатты. Шешім оның жеке өтініші негізінде қабылданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлы мемлекеттік хуралдың баспасөз қызметі мәлімдегендей, отырысқа қатысқан депутаттардың 92,3 пайызы мемлекет басшысын қызметтен босатуды жақтап дауыс берді.

Моңғолия президентінің өкілеттігі парламент төрағасы Сандагийн Бямбацогтқа берілді. Ол жаңа президент сайланып, ант қабылдағанға дейін бұл өкілеттікті атқарады.

Дауыс беру алдында Хүрэлсүх сөз сөйлеп, атқарған жұмысының қорытындысын қысқаша баяндап, бірлікке шақырды. Заң қабылданған соң ол мемлекеттік елтаңба мен туға құрмет көрсетіп, отырыс залынан шығып кетті. Парламентте бұл Моңғолия тарихында президенттің өз еркімен мерзімінен бұрын қызметтен кетуінің алғашқы жағдайы екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх отставкаға кететінін жариялаған еді. Ол бұл қызметті бес жылдан астам уақыт атқарды. Отставка жемқорлық туралы қауесеттер аясында болды.

РБК жазғандай, отставка жемқорлық айыптаулары аясында орын алды. Mongolia Daily мәліметінше, айыптаулар Таван-Толгой — Гашуунсухайт темір жолын салуға арналған құпияланған тендерге қатысты.

Моңғолия парламентіндегі оппозиция 16 қарашада президентті және айыптауларда аталған өзге де шенеуніктерді қызметтен босатуды талап етті. Тергеу жүргізу үшін Демократиялық партия депутаттары уақытша парламенттік комиссия құруды ұсынды.

Улан-Батордың экс-мэрі Хишгээгийн Нямбаатар тікелей эфир барысында пара алғандардың қатарында президент Хүрэлсүх те болғанын мәлімдеді.