Астана билігі қала шетінде қажетті инфрақұрылымы жоқ жерлерде жер телімдерін бөлуге және көппәтерлі тұрғын үйлер салуға уақытша шектеу енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларына жаңа өзгерістер енгізу жоспарлануда. Бұл ұсыныспен қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов шықты.

Мәслихат шешіміне енгізілетін өзгерістер ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасарының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Негізгі жаңашылдық қала шетіндегі тұрғын аймақтардың кеңеюін қатаң бақылауға алуға бағытталған.

Қағидаларды магистральдық инженерлік желілермен және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген қала шетіндегі аумақтарда 2035 жылға дейін жер телімдерін беруге және көппәтерлі тұрғын үйлер салуға уақытша шектеу қарастыратын тармақпен толықтыру ұсынылады.

Бұл шара тұрғын үй кешендері инженерлік коммуникациялардан, жолдардан, мектептер мен емханалардан бөлек салынатын қала шетіндегі ретсіз құрылысты тоқтатуға бағытталған.

Сәулет басқармасында дайындалған жобаның уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өткенін және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Жаңа норманы іске асыру қалалық немесе республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді. Сонымен қатар, салалық ведомствоның мәлімдеуінше, енгізілетін өзгерістер құрылыс нарығының адал қатысушылары мен бизнес үшін әкімшілік кедергілер туғызбайды.