Ресейде 28 жастағы ағылшын тілі мұғалімі наркозбен жасалған колоноскопиядан кейін бірнеше сағат бойы орысша сөйлемей қойған. Бұл туралы Mash Telegram-арнасы хабарлады, деп жазады infohub.kz.

Арнаға аты-жөнін атамаған эндоскопист дәрігер айтқандай, ер адам наркозды бірінші рет алған. Процедурадан кейін ол ұзақ уақыт есін жия алмаған, ал оянған соң тек ағылшынша сөйлеген. Дәрігерлер бір сағаттан астам уақыт пациентті қалыпты күйге келтіруге тырысқан, кейін әйелін шақырған.

Бірақ әйелімен де ер адам ағылшынша сөйлеп, айқайлап, бірдеңе түсіндіруге тырысқан. Mash жазғандай, орыс тілі бірнеше сағаттан кейін, пациент дәретханаға барғысы келетінін айтқанда қайта оралған.

Мұндай жағдайлар медициналық әдебиетте шынымен сипатталған, алайда құбылыс өте сирек кездеседі. Оны шетел тілі синдромы деп атайды: адам біраз уақыт ана тілін қолданбай, өзі білетін екінші тілде сөйлей бастайды.

Мысалы, сипатталған бір жағдайда 17 жастағы пациент ортопедиялық операциядан кейін нидерланд тілін түсінуді тоқтатып, шамамен бір тәулік бойы тек ағылшынша сөйлескен. Кейін ол қайтадан ана тілінде сөйлей бастаған.

Мұндай реакцияның нақты себебі әзірге белгісіз. Ол анестезиядан шығу кезіндегі уақытша сананың шатасуы — операциядан кейінгі делирийге байланысты болуы мүмкін деген болжам бар.

Mash баяндаған оқиға медициналық жарияланыммен жеке расталмаған. Telegram-арна хабарламалары бойынша болған жағдайдың себебін анықтау мүмкін емес.

Бұған дейін Kursiv Health наркозбен операция кезінде оянып кету мүмкіндігі туралы жазып, осындай жағдайды бастан өткергенін айтқан адамдардың әңгімелерімен бөліскен.