Қазақстан Энергетика министрлігі Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) арқылы мұнай жеткізудің уақытша тоқтатылуына түсінік берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметінің түсіндіруінше, КҚК теңіз терминалында тиеу операциялары Қара теңіз акваториясында кемелер, экипаждар және экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар консорциумның барлық өндірістік-техникалық нысандары жарамды күйде, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келгеннен кейін шикізат тасымалын қайта бастауға әзір.

«Құбыр жүйесіне мұнай қабылдаудағы шектеулерге және мұнай өндіруші компаниялардың резервуар парктерінің толып кетуіне жол бермеу мақсатында тәуліктік өндіріс деңгейлеріне бақылаулы түзету жүргізілді, бұл мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуіне әкелді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп атап өтті министрлікте.

Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және тиісті мемлекеттік органдармен үздіксіз байланыста екенін де жеткізді. «Қазіргі таңда қауіпсіз кеме жүзу жағдайын қамтамасыз ету және қазақстандық мұнайдың әлемдік нарықтарға тұрақты экспортын тезірек қайта бастау үшін шешімдер әзірлеу бойынша үздіксіз кеңес өткізіліп жатыр», — деп нақтылады ведомство.