Британдық зерттеушілер 212 өсімдік өнімі мен сусынын тексеріп, әрқайсысында кемінде бір табиғи саңырауқұлақ токсині бар екенін анықтады. Бірақ ешбір үлгідегі микотоксин концентрациясы Еуропалық одақ ұсынған нормадан аспады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зерттеуді Италиядағы Парма университетінің мамандары Крэнфилд университетінің әріптестерімен бірлесіп жүргізді, нәтижелері Food Control ғылыми журналында жарияланды. ScienceDaily жазуынша, сарапшылар супермаркеттердегі танымал веган және вегетариандық тауарларды — өсімдік бургерлерін, вегетариандық тауық етін, шұжықтарды, сондай-ақ сұлы, бадам және соя сүтін талдаған.
Әр үлгіден 19 түрлі микотоксиннің кемінде бірі табылды. Бұл — дәнді дақылдар, бұршақтар мен тұқымдарды өсіру, жинау немесе сақтау кезінде зең саңырауқұлақтары бөлетін улы химиялық қосылыстар. Сонымен қатар тексерілген өнімдердің барлығында токсин деңгейі Еуропалық одақ ұсынған шекті рұқсат етілген нормадан төмен болды.
Крэнфилд университетінің микологиядан аға оқытушысы Андреа Патриарки микотоксиндер табиғатта барлық жерде кездесетінін, олардан толық құтылу мүмкін еместігін түсіндірді. Сондықтан тұтынушыларға алуан түрлі тағамнан бас тартудың қажеті жоқ. Алайда өсімдік негізіндегі балама өнімдерді көп мөлшерде үнемі тұтынғанда әртүрлі көздерден жинақталу қаупі туындайды, ал жоғары дозада ол бауырға, бүйрекке және иммундық жүйеге зиян келтіруі мүмкін.
Ғалымдар көп компонентті өнімдерді өндірудің барлық кезеңінде шикізатты бақылауды күшейтуге шақырды.


