Миллиардер атанған 5 бейбақ
Өз-өзіңді дамытатын көптеген кітап бізге сәтсіздікті тығырыққа тірелу мен көз жасыңды төгу деп емес, тағдырдың сыйы және табысқа бір қадам жақындау деп қабылдау керек дейді. Дәл солай, бірақ тағдырдың соққысын табысқа жетелеу деп қабылдау қиынға соғады. Сондықтан іс жүзінде бұл қағида қалай жұмыс істейтінін көрейік, және де өз сәтсіздіктерінен сабақ ала білген танымал тұлғалардың, миллиардерлердің өмірінен үзінділер келтірейік.
Nick Woodman (Ник Вудман)
Бейнекамералар мен экстремалды спорт түрлеріне қажетті керек-жарақтарды шығаратын GoPro компаниясының негізін қалаушы. Қазіргі таңда оның жағдайы $1,750,000,000-ге тең.
Сәтсіздіктері: Бастапқыда ол EmpowerAll.com – электронды сауда-саттық сайтын құрастырады. Сайт арзан электроника сатумен айналысатын болады. Компания ешқандай табыс таппайды, сондықтан тез жабылып қалады. Бұл болашақ миллиардерді тоқтатқан жоқ, осылайша 1999 жылы FunBug – интернет-маркетингінің компаниясын құрады.
Компанияның сайтында қолданушылар тотализаторға қатысқандары үшін ақшалай сыйлық ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Ол тіпті түрлі инвесторларды тартып, $3,9 миллион қаржы табады. Компания жақсы дамып келе жатқандай болғанымен, 2001 жылы Ник тағы да сәтсіздікке ұрынғанын түсінеді. Ол компаниясының дұрыс жұмыс істеуін реттей алмайды, сол себепті құйған ақшасы мен инвесторлардың ақшасын да жоғалтып алады.
Алған сабағы: Екінші компаниясын жоғалтып алғаннан кейін, Ник бәрін тастап серфингпен айналысады. Дәл сол кезде оған экстремалды спорт түрлеріне пайдаланылатын камера жасау идеясы келеді. Осылайша GoPro компаниясы құрылады. "GoPro да Funbug-тың тағдырын қайталай ма деп қорықтым, сондықтан тапжылмай жұмыс істеуге кірістім. Алдыңғы сәтсіздіктерімнен алған сабағым осы болды. Жеңіп шығудан басқа менің амалым болмады."
Bill Gates (Билл Гейтс)
Microsoft компаниясының негізін қалаушы және қазіргі таңдағы ең елеулі қайырымдылық қорларының иесі. Әлемдегі ең бай адам, қазіргі жағдайы $72,700,000,000-қа тең.
Сәтсіздіктері: Оның тұңғыш компаниясы Traf-O-Data деп аталды және оның басты мақсаты қарқынды қозғалысты танитын жол жиегіндегі есептегіштің мағлұматтарын оқып, жол қызметкерлеріне есеп беру болып отырған. Осылайша, олар көлік тығынын болдырмауды қамтамасыз етпек болған.
Олардың тұңғыш құрылғылары Traf-O-Data 8008 деп аталатын, ол жолда кетіп бара жатқан көліктерді танып, алынған мәліметтерді өңдейтін болған. Фирма бастапқыда өз қызметтерін жергілікті әкімшілікке сатпақ болады, бірақ алғашқы презентацияларын дұрыс орындай алмай қалады, өйткені құрылғы дұрыс жұмыс жасамайды.
Алған сабағы: Серіктесі Полл Аллен, бірінші жобаларын былай деп еске алады: Traf-O-Data сәтті жоба болмаса да, бұл екі жылдан кейін Microsoft-ты құруға дайындық болды.
Олардың және біздің қуанышымызға орай олар өз істерін тастап кетпеді, керісінше сәтсіздіктен сабақ ала білді. Олар табысқа жететіндеріне кәміл сенді, осылайша Microsoft әлемдегі дербес компьютерлерге бағдарламалық жасақтама шығаратын ірі кәсіпорынға айналды.
James Dyson (Джеймс Дайсон)
Танымал ағылшын өнертапқышы және индустриялық дизайнер, Dyson компаниясының негізін қалаушы. Ол «теңіз жүк көлігі» деп аталатын арнайы кеменің, G-Force циклондық шаңсорғышының, сандық басқару электр қозғалтқышы, қол кептіргіш және т.б. өнертабыстардың авторы. Қазіргі таңда оның жағдайы $3,000,000,000-ге тең.
Сәтсіздіктері: Көптеген адам өнертапқыштар ойлап табуға қабілетті ерекше генмен, айрықша дарынмен туылады деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Өнертапқыш болу көп еңбекті қажет етеді.
Мысалы шаңсорғышты жасауда сэр Джеймс Дайсон соған ұқсас 5127 үлгісін жасаған. Бұл оның сәтсіз үлгілері болуы мүмкін еді. Ол шаңсорғыштың озық үлгісін 1993 жылы нарыққа шығармас бұрын 15 жыл бойы зертханасында еңбек еткен. Ол сол кезеңді былай еске алады: Өнертапқыш өз идеясынан бас тартуына көптеген себеп табылады. 15-ші үлгімді жасап жатқан уақытта үшінші балам дүниеге келіп жатқан. 2627-шісіне келгенімде әйелім екеуміз әр пенсті (тиынды) санауға мәжбүр болдық. 3727-ші үлгіні жасап жатқанымда, қосымша ақша табу үшін әйелім суреттен сабақ бере бастады. Бұл өте қиын кезеңдер болды, бірақ әрбір сәтсіздік мені мәселенің шешілуіне әкеле жатты.
Алған сабақтары: Әдетте өнертапқыштан асқан бейбақ болмайды. Және адамзатқа қажетті зат шығару үшін бұл олардың жалғыз жолы болып табылады. Олар мұны жақсы түсінулері керек. Бұл жағдайға қатысты Томас Эдисон былай деген екен: “Менің сәтсіздіктерім болмады. Мен жай ғана жұмыс істемейтін 10000 тәсілді таптым”. Сэр Джеймс Дайсон бұл шындықты жақсы түсінген сияқты.
Steve Jobs (Стив Джобс)
Біз Стив Джобсты кәсіпкерліктің шебері, қазіргі таңда ең көп сатылатын және сұранысқа ие iPod, iPad, iPhone және MacBook сияқты өнімдерді құрастырған данышпан деп білеміз. Ол қазіргі заман бизнесіндегі ірі тұлға және кейбір адамдар оны техно-дәуірдің Леонардо да Винчиі деп те атайды. Оның барлық табысы $10,200,000,000-ды құрайды.
Сәтсіздіктер: Көп адам Apple компаниясын оны шыңға шығарған өнімдерімен ғана біледі. Бірақ бұл фирманың ортаң қол, оғаш немесе шын мәнінде сәтсіз жобалары да болған. Lisa, Macintosh Portable, MessagePad, PowerBook Duo, Pippin – бұл атауларды естігенсіз бе? Мұның барлығы компанияның аса сәтсіз жобалары, бұл өнімдер бір кездері компанияны тұңғиыққа батырып жіберуге шақ қалған. Нәтижесінде Джобстың биографиясынан аян дерек орын алады. Джобс өзі басқарған компаниядан жұмыстан босатылады.
Алған сабақтары: Дәл осы сәтсіздіктен кейін Джобс оған және компаниясына табыс әкелетін құрылғына жасауға бел буады. Оның “Walt Disney, Hewlett Packard немесе Intel компаниялары сияқты басқалардан бір немесе екі буынға алда жүретін компания құру ” арманы іске асады.
Richard Branson (Ричард Брэнсон)
Ричард Брэнсон сәтсіздікке көп ұрынған адам. Бірақ бұл оған әлемге танымал брендті жасауға кедергі келтірген жоқ. Virgin атауы бизнестегі табысы арқылы ғана емес, Ричардың ерекше ойлау қабілеті мен шытырмандары арқылы танымал болды. Ричардтың жалпы табысы $4,600,000,000-ды құрайды.
Сәтсіздіктері: Егер Брэнсонды жас кезінде көрсеңіз, оның табысқа жететініне мүлде сенбес едіңіз. Ол сабақты нашар оқыған, математикадан өте нашар болған, осылайша 16 жасында мектепті тастап кетеді. Болашақ миллиардерге жараспайтын қасиеттер екені рас.
Оның бизнес бастаудағы алғашқы қадамы – 16 жасында студенттік журнал шығару болатын. Бірақ құқық қорғау органдарымен мәселе туындайды. Ол журналға венерологиялық ауруларды емдейтін дәрілерді жарнамалағаны үшін түрмеге қамала жаздайды.
Бірақ Ричард мұнымен тоқтап қалмайды. 1971 жылы Брэнсонға Virgin дүкендерінде экспорттық тауалар ретінде мағлұмдалған жазбаларды сатты деген айып тағылып, түрмеге қамалады. Ол Ағылшын кеден және Акциздік басқармамен төленбеген баж салығы мен өтемақыларды төлеймін деген келісіммен сот ісін реттейді. Брэнсонның анасы өндірілетін соманы төлеуге көмектесу үшін отбасылық үйін кепілдікке қояды.
Алған сабақтары: Қайтпас қайсар жанкештіге өмір өзі қатал сабақ берді. «Мен бұдан былай түрмеге жапқызатын немесе күмәнді көрінетін бизнеспен айналыспаймын деп өзіме серт бердім» - дейді Брэнсон.
Қорытынды
Шындығы сол, әлемнің ең бай адамдарының тізімінде көріну үшін ара-тұра тәуекелге барып тұру керек. Ал тәуекелге бару әрдайым сәтсіздікпен көршілес жүреді. Бұл миллиардерлерге қарап: “Бұл жай ғана жолы болғыштық. Оларға көмектесті. Ата-анасы немесе сиқырлы күш қолдады” - дей салу оңай.
Бірақ шындығында, әлемдегі 100 миллиардердің ішіндегі 73-і өз күштерімен байығандар. Мұнда ешқандай тылсым күштің немесе сиқырлы сөздің реті жоқ. Олар жай ғана өзгелерден көп жұмыс істеген. Олар өзгелердің арманы болып жүргенді іске асырды. Және олар әр соққыға тоқтап қалған жоқ, керісінше алға ұмтылды. Олар сәтсіздіктерін сабақ алып, табысқа айналдырды.