2025 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысында мыс кенін барлау және өндіру лицензияларына ие Copper Exploration Group компаниясы 2,5 млн теңге шығынға ұшырады. Бұл ретте оның барлау жұмыстарына жұмсаған шығындары 1,1 млрд теңгеден асты. Компанияның тең иелерінің бірі — белгілі кәсіпкер Ғалимжан Есеновтің туысы әрі «Казфосфаттың» бұрынғы басшысы Мақсұтбек Есенов, деп хабарлайды infohub.kz.
Copper Exploration Group есептілігіне сәйкес, компанияның 2025 жылғы шығыны 2,5 млн теңгені құрады. Алдыңғы жылы ол 175 мың теңге көлемінде шағын пайда тапқан еді. Сонымен қатар, компанияда ешқандай кіріс жоқ, шамасы, ол әлі пайдалы қазбаларды өндіруге кіріспеген. Әкімшілік шығындар 1,6 млн теңгені, ал басқа шығындар 3,5 млн теңгені құрады.
Алайда компанияның нақты шығындары бұл сомалармен шектелмейді. Компанияда лицензиялары бар кен орындарын барлауға жұмсалған нақты шығындардың басым бөлігі пайда мен залалға емес, «барлау және бағалау активтері» бөліміне жатқызылған. 2025 жылы геологиялық барлау, геохимиялық, зертханалық және басқа да жұмыстарға нақты шығындар 1,1 млрд теңгеден асты.
Copper Exploration Group пайдалы қазбаларды барлау және өндіру, сондай-ақ мыс өндірумен айналысады. Компания 2022-2024 жылдар аралығында әрқайсысы алты жыл мерзімге берілген Павлодар облысындағы мыс кен орындарының әртүрлі учаскелерін барлауға арналған сегіз лицензияға ие.
Компанияның көптеген иелері бар. 25% үлесі 2014 жылы ең бай қазақстандықтар тізіміне енген кәсіпкер Асқар Алшынбаевтың ұлы Әділ Алшынбаевқа тиесілі.
Тағы 25% акцияны Мақсұтбек Есенов иеленеді. Ол көп жылдар бойы «Казфосфат» компаниясының басқарма төрағасы болды. БАҚ мәліметінше, ол 2021 жылға дейін сол «Казфосфаттың» иесі болған белгілі кәсіпкер Ғалимжан Есеновтің ағасы (ескертпе – тегі мен әкесінің аты сәйкес келеді).
Қалған үлестер Жанасовтар отбасы мүшелеріне – Ермекке (25%), Ақбота мен Әминаға (әрқайсысына 2,5%), сондай-ақ Руслан Фельдке (2,5%) тиесілі.
Бұған дейін Асаубаевтар отбасының компаниясы бұрынғы Семей полигонында тонна алтын өндіретіні хабарланған болатын.


