Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Нағашыларға
Бір себеппен келіп қалдым бұл жаққа,
Дәм жазбады, бара алмадым ол жаққа.
Көрмесем де, көп кішілік сәлемім
Нағашымыз Махаң менен Қожаққа.
Аралап ем шығыс, батыс арасын,
Ертіс, Еділ, Сырдария даласын.
Дәм жазбады бүгінгі күн көруге
Ел-жүртымыз Баян - Шақа баласын.
Сол Шақада қажы Жүсіп дер еді,
Жақып пенен Өсіп те бар деп еді.
Ұл боп туып, тартып мінген ат жалын
Орда иесі Хасен де бар деп еді.
Жиеніңіз қажы Жұмабай әкем де,
Одан туған Нұрмағамбет, Бекен де.
Сол екеуден жеті-сегіз біз бармыз,
Бәрі жиен, бәрі сізге бөтен бе?!
Бәрі жиен, бәрі сіздің қаныңыз,
Бәрі сіздің шашқан тұқым-тарыңыз.
Дәм жазбады, бара алмадым бұл жолы,
Сәлемімді қабыл көріп алыңыз.
Сәлемнен соң, нағашы жұрт ағамыз,
Кіші болса, көзі ашық данамыз,
Баршаңызға тапсырғаным менің де,
Қолымызда Мұхамеджан балаңыз.
Есі бар ед байқағандай парықты,
Оңды-солды, қараңғыны, жарықты.
Күн туған соң, етігімен су кешіп,
Ел-жұртым деп сіздерді іздеп барыпты.
Барып, сізді асқар пана қылыпты,
Панаңызда бала тұрмыс құрыпты.
Өз балаңыз, ақылыңызды айтыңыз,
Албырт еді, ерке бала қылықты.
Жиеніңіз қажы Жұмабай құтты еді,
Әкем Бекен Атығайға тұтқа еді.
Тұтқа десем, сөйлеу болар асыра,
Деуші болар: «Басқа тұтқа жоқ па еді?»
He жоқ болсын, Шахаң елге аға еді,
Үздік туған, жанат тонға жаға еді.
Ел ағасы Исекең анау, қайраным,
Өрге бастап, төрге тартқан тайлағын.
Өрісін кең тарылтпайтын аз елдің,
Атығайдың алып жүр ғой байрағын.
Жиеніңіз ес білгеннен ел деген,
Өрге ұмтылған, өрге қарай өрлеген.
Кім ұшырамас алыс жолда шалысқа,
Күн де болды қолды қате сермеген.
Нағашы жұрт, сізге дұғай сәлемім,
Өзім жолда, барсын сізге қаламым.
Амандықпен көріскендей күн болсын,
Қоштық айтам, Қызылжар жүріп барамын.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама