Жамбыл облысында Қазақстанға кіре берісте NAVAI сахналық лақап атымен танымал шетелдік әнші ұсталды. Ол есірткі контрабандасына күдікті деп танылып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы полиция департаментінің нақтылауынша, шетелдік азамат 13 қазанда «Қордай» шекара бекетінде ұсталған. Операцияға полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп қатысқан.

«Ол жүрген көлікті тексеру барысында есірткі заты табылып, тәркіленді. Осы факті бойынша есірткі құралдарын контрабандалауға оқталуға күдікпен қылмыстық іс қозғалды», — деді полицияда.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Еске салайық, бірнеше сағат бұрын NAVAI жанкүйерлері Астанадағы жоспарланған концертке бара алмайтыны белгілі болды. Ұйымдастырушылар 14 қазан кешінде өтуі тиіс концерттің тоқтатылғанын хабарлады.