Nazarbayev University Times Higher Education (THE) World University Rankings рейтингінде екінші жыл қатарынан өз орнын жақсартып, бірден 100 сатыға көтерілді, ал екі жылда 200 позицияға өсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2024 жылы университет 501–600 диапазонында болса, келесі рейтингтік циклде 401–500-ге көтерілді, ал ағымдағы рейтингте 376–400 тобына енді. Сонымен қатар, NU Қазақстан мен Орталық Азияның ЖОО арасында бірінші орынды сақтап қалды.

THE World University Rankings әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі саналады. Биыл оған 118 ел мен аймақтан рекордтық 2 297 университет енді — былтырғыдан 106-ға артық. Халықаралық бәсеке күшейіп жатқанда NU екі жылда әлемнің топ-23%-нан топ-17% университеттерінің қатарына көтерілді.

THE университеттерді бес бағыт бойынша бағалайды: білім сапасы, зерттеу ортасы, зерттеу сапасы, халықаралық ашықтық және индустриямен өзара әрекеттестік. Жаңа рейтингте NU барлық дерлік бағыттар бойынша нәтижесін жақсартты. Ең күшті көрсеткіш — зерттеу сапасы. Бұл тұрғыда NU-дың нәтижесі University of Geneva, University of Arizona және University of Rochester-пен салыстыруға тұрарлық, бұл университет зерттеулерінің ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді.

«Ең алдымен NU қауымдастығын және Қазақстанды осы нәтижемен құттықтағым келеді. Тұңғыш рет қазақстандық университет әлемнің жетекші университет рейтингтерінің бірінде осындай деңгейге жетті. Бұл — тек біздің университет үшін ғана емес, елдің жоғары білім жүйесі үшін де маңызды жетістік. Бұл нәтиженің артында NU оқытушыларының, зерттеушілерінің, студенттері мен қызметкерлерінің көпжылдық еңбегі тұр. Университеттің, ғылым мен білімнің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген әркімге алғыс айтамын», — деді NU президенті Вакар Ахмад.

NU-да оқуға деген қызығушылық та артып келеді. Биыл оқуға шамамен 12 мың адам тапсырды, ал шетелдік студенттерді қабылдау университет тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жоғары — 95%-дан астам.

Бұл нәтижелер NU-дың академиялық беделінің нығайып, Қазақстанда және одан тыс жерлерде университетке деген сенімнің артқанын көрсетеді. Халықаралық рейтингтердегі өсім университеттің тұрақты дамуын және жаһандық академиялық қауымдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын растайды.

Ағымдағы рейтингте Қазақстан он университетпен ұсынылған. Олардың қатарында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (1201–1400), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1401–1600), Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (1401–1600), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1601–1800) бар.