Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, планетадағы бір миллиардтан астам адам психикалық бұзылыстармен өмір сүреді. Ми белсенділігін бақылау саласындағы заманауи әзірлемелер дәл осы мазасыздық пен депрессия кезінде ерте көмек көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мазасыздық пен депрессияны емдеуде нейротехнологиялардың әлеуеті зор екенін норвегиялық SINTEF ғылыми ұйымының зерттеушісі Сандра Клонтейг мәлімдеді. Оның айтуынша, функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) мен электроэнцефалография (ЭЭГ) әдістері ғалымдарға мидағы қан ағымының өзгерістері мен электр импульстерін тіркеуге мүмкіндік береді.
Зерттеушілер атап өткендей, осы технологияларды ұштастыру биологиялық өзгерістерді клиникалық симптомдар түрінде көрінгенге дейін бағалауға жол ашады. Соның арқасында дәрігерлер жеке ем таңдап, организмнің препараттарға реакциясын уақтылы бақылай алады және таңдалған әдіс тиімсіз болса, ем курсын түзете алады.
Клонтейг ерекше атап өтті: нейротехнологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы ерте диагностиканы фантастика саласынан нақты тәжірибеге айналдырып отыр.
Алайда мұндай тәсілдерді кеңінен енгізу үшін мамандар психикалық бұзылыстардың негізінде жатқан механизмдерді тереңірек зерттеуі қажет. Бүгінде нейробиологтар нейровизуализация әдістерін мінез-құлық және психологиялық тесттермен ұштастыра отырып, деректер жинауды жалғастырып жатыр. Осы көрсеткіштерді талдау неғұрлым дәл әрі қауіпсіз ем құралдарын жасаудың негізіне айналады.


