Непалда жойқын су тасқынынан кейін моргтар толып кеткендіктен, белгісіз мәйіттерді жаппай жерлеу басталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
The Guardian мәліметінше, стихия құрбандарының саны өсіп келеді, ал билік қайтыс болғандарды анықтауға үлгермейтінін мойындап отыр. Көптеген мәйіттер танылмастай болып өзгерген және тұрғылықты жерлерінен көптеген шақырым қашықтықтан табылған. Денелерді қауіпсіз сақтауға орын жетіспегендіктен, жаппай жерлеу туралы шешім қабылданды.
Жерлеу алдында әрбір қайтыс болған адамнан ДНҚ үлгілері алынып, денелерге арнайы белгілер қойылады, кейін туыстары оларды алып, жерлеу рәсімдерін өткізе алады.
Ең көп зардап шеккен аймақтан шамамен 160 км төмен қарай орналасқан Читван округінде өзен жағасына 250-ден астам мәйіт шығарылды. Алайда қатты зақымдану салдарынан олардың тек тоғызы ғана анықталды. Көпшілігі, кем дегенде уақытша, қала шетіндегі орманға жерленетін болады.
Анықтауды жылдамдату үшін жергілікті шенеуніктер ерекше әдіске жүгінді: олар адамдардан мәйіттердің фотосуреттерін қарап, ерекше белгілерді — алқаларды, неке сақиналарын, татуировкаларды, тыртықтарды іздеуді сұрады. Суреттер Непал полициясының сайтында, сондай-ақ Катмандудағы морг ғимаратының қабырғаларында орналастырылған.
Еске салайық, 26 тамызда Қытай мен Непал арасындағы шекара өткелі ауданында көшкін жүріп, жол қозғалысы, байланыс және электрмен жабдықтау бұзылған болатын. Кейін күшті су тасқыны болып, мыңдаған адам хабар-ошарсыз кетті. Судың себебі жер сілкінісі мен одан кейінгі көшкін деп аталды. Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 900-ден асты.
Сонымен қатар, Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында Қазақстанның үш азаматшасын іздеу жалғасуда.


