Непалдағы Гандаки провинциясының үкіметі медициналық мақсатта каннабис өсіру мен қолдануды заңдастырды. Бұл елдегі жалпыұлттық тыйымға қарамастан жасалып отыр. Провинция басшысы бекіткен заң жобасы дүйсенбіден бастап күшіне енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Гандаки провинциясы басшысы кеңсесінің өкілі Прабин Поудьялдың айтуынша, жаңа заң каннабисті медициналық мақсатта өсіруге және қолдануға жол ашады. Фермерлер провинциялық биліктен ресми рұқсат алуы тиіс, сондай-ақ олардың қызметі қатаң бақылауға алынады.

Алайда бұл провинциялық заң елдегі жалпыұлттық тыйымға қарамастан қабылданып отыр. Непалда марихуананы жеке басының қажетіне қолданғаны үшін бір айға дейін түрмеге қамауға болады, ал тарату мен сату 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді — бұл тәркіленген мөлшерге байланысты.

Гандаки — Гималай елінің жеті провинциясының бірі. Бұл аймақ танымал таулар мен жаяу жүру маршруттарымен, сондай-ақ Покхара курорттық қаласымен әйгілі.

Каннабис Непалда табиғи өседі және мерекелерде кеңінен қолданылады. Белсенділер үкіметтен заңды өзгертуді ұзақ уақыт бойы талап етіп келеді. Марихуана бұрын елдің мәдениеті мен дінінде терең орын алған еді. Бірақ 1970-ші жылдардың соңында Непал басқа елдерге еліп, марихуанаға тыйым салып, елге ағылған хиппилерді қуып шықты.

Көктемде өтетін жыл сайынғы Шиваратри фестивалі кезінде діндарлар құрметті индуизм құдайы Шиваның храмдарында еркін марихуана шегеді. Билік әдетте фестиваль кезінде бұған жол береді.