Непалға апта басында елдің шекаралас аудандарын шарпыған апатты су тасқынынан кейін қалпына келтіруге 4-5 миллиард доллар қажет болады. Бұл туралы Непалдың қаржы министрі Сварним Вагле Reuters агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл сома әзірге алдын ала — билік шығын мен қирау көлемін бағалауды жалғастыруда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Непалдың сыртқы істер министрі Шишир Кханалдың айтуынша, елге жергілікті мамандардың тәжірибесі жеткіліксіз болатын арнайы және техникалық салаларда шетелдік көмек қажет. Атап айтқанда, бұл туннельдерден адамдарды құтқару, көпірлер қираған аудандарда көлік және байланыс жүйесін қалпына келтіру, қаза тапқандарды анықтау, ДНК-тест жүргізу және мәйіттерді ұзақ уақыт сақтау мәселелері. «Біз тәжірибе мен техникалық білім жетіспейтін салаларда осындай арнайы қызметтер мен техникалық көмек сұрадық», — деді Кханал.

Сонымен қатар, Непал қарапайым іздеу-құтқару жұмыстарына шетелдік командаларды тартуды қажет деп санамайды. Министрдің айтуынша, бұл міндетті жергілікті құтқарушылар атқарады. Үндістан мен Қытай елге уақытша Bailey Bridge көпірлерін беруі тиіс, бұл көлік және байланыс жүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Зардап шеккен ауданда жиырмаға жуық көпір қираған.

Табиғи апат сәрсенбіде Гималайдағы мұздықтың құлауынан басталды. Тау өзендерінің бойымен тас, мұз, лай және қоқыстың алып ағыны өтті. 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасына жақын орналасқан Расува биік таулы ауданында су, лай және тас ағындары үйлерді, жолдарды, көпірлерді, автомобильдерді, гидроэнергетика нысандарын, мектептер мен ауруханаларды шайып кетті.

Непал мен Қытайдың Тибетіндегі су тасқыны салдарынан 600-ден астам адам қаза тапты, тағы 2 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті. Билік жаңа мәйіттердің табылуы мүмкін екенін ескертеді. Кханалдың айтуынша, ауруханалар қаза тапқандарға толып, оларды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтар жетіспейді.

Болашақта Непалға қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру және зардап шеккен аудандарды оңалту үшін халықаралық қолдау қажет болады. Алдыңғы күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағынан еліміздің үш азаматшасын іздеу жүріп жатқанын хабарлады.