Непалдағы жойқын су тасқыны 1 287 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды infohub.kz сайты The Kathmandu Post-ке сілтеме жасап.

Төтенше жағдайларды басқару ұлттық органының дерегінше, қаза тапқандардың денелері мен сүйектері елдің сегіз ауданынан табылған. Қазіргі уақытта 96 адамның жеке басы анықталып, денелері туыстарына тапсырылған. Жарақат алған 5,3 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсетілген.

Іздестіріліп жатқандардың ресми тізіміне шамамен 5 083 адам енгізілген. Билік бұл көрсеткішке анықталмаған денелер де кіргенін, сондықтан ол шынымен табылмаған адамдардың нақты санын көрсетпейтінін атап өтті. Сонымен қатар, тізімде 583 шетел азаматы бар.

Құтқарушылар 13 013 адамды қауіпсіз аймақтарға эвакуациялады. Операцияға Непал армиясы, полициясы және қарулы күштері жұмылдырылған. Барлығы құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына 21 мыңнан астам құқық қорғау қызметкері тартылды.

Табиғи апат елдің инфрақұрылымына елеулі зиян келтірді. Алдын ала бағалау бойынша, 7 570 жеке тұрғын үй қирап, 48 мемлекеттік ғимарат, 18 мектеп және жеті медициналық мекеме зақымданған немесе жойылған. Шамамен 55 шақырым жол, 33 автомобиль және 68 аспалы көпір толығымен қираған.

Құтқарушылар зардап шеккен аудандарға құрлық және әуе жолдары арқылы гуманитарлық көмек жеткізуді жалғастыруда. Байланыс біртіндеп қалпына келуде: Nepal Telecom-тың зақымданған 120 мұнарасының 116-сы жұмыс істеп тұр, Ncell-дің 78 мұнарасының 75-і қалпына келтірілді. Билік зардап шеккен аудандарға құтқару және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жедел қаржы бөлді.

Апат 26 тамызда Гималайдағы мұздықтың опырылуынан басталды. Тас, мұз, лай және қоқыстың алып ағыны тау өзендерінің жүйесімен өтті. Биліктің бағалауынша, Непалға су тасқынынан кейінгі қалпына келтіруге 5 миллиард долларға дейін қаражат қажет.

Бұған дейін Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында Қазақстанның үш азаматшасы іздестіріліп жатқаны хабарланған.