Непал мен Тибет шекарасындағы апатты су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 353 адамға жетті. Тағы 1,3 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды infohub.kz.

Құтқарушылар Непал мен Қытай шекарасы бойында іздеу жұмыстарын жалғастыруда. Гималайдағы мұздықтың бұзылуынан табиғи апат болды. Су мен лай ағындары бірнеше елді мекенге келті, жолындағы ғимараттарды, көпірлер мен автомобильдерді шайып әкетті.

Непалда кемінде 162 адам қаза тапты. Билік мәліметінше, 826 адам хабар-ошарсыз кетті. Су тасқыны салдарынан ондаған көпір қирап, шамамен 40 шақырым жол зақымданды, бұл құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатты. Непал әскері тікұшақтардың көмегімен 100-ден астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Катмандуға жеткізілуде. Кемінде үш ауылдың 1,2 мыңға жуық тұрғыны үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Құтқарушылар Тришули өзенінің төменгі ағысынан қаза тапқандардың денелерін де тапты.

Қытайдың Тибет автономиялық ауданында лай ағыны салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, тағы 558 адам хабар-ошарсыз кетті. Әсіресе Джиронг шекара бекетінің ауданы қатты зардап шекті. Қытайдың CCTV телеарнасының мәліметінше, кей жерлерде лай қабатының қалыңдығы 1,5 метрден асты. Өткізу пунктіне апаратын жолдар зақымданған. ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Джиронгқа келді. Операцияға 500-ге жуық әскери қызметкер мен әскерилендірілген құрылымдардың қызметкерлері тартылды. Жаңбырдың жалғасуына байланысты билік жаңа көшкіндер мен қайталама опырылулардан қауіптенуде.

БҰҰ Төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылдың орталық қорынан медициналық көмек көрсету, адамдарды сумен және уақытша баспанамен қамтамасыз ету үшін 2 миллион доллар бөлді.

Хабар-ошарсыз кеткендердің арасында шетелдіктер де бар. Непалдың туризм басқармасының мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткендердің арасында 517 шетелдік бар. Олардың ішінде Үндістанның 178 азаматы, АҚШ-тың 60-тан астам азаматы, сондай-ақ 30-дан астам елдің туристері мен зияратшылары бар. Үндістанның Сыртқы істер министрлігі елдің 288 азаматы хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Қытай билігі Непалда ҚХР-ның 100-ге жуық азаматы да хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеді. Кейбір адамдар индуистер мен буддистер үшін қасиетті Кайлас тауының маңында болуы мүмкін деп болжануда.

Алдыңғы күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сицзан автономиялық ауданындағы қатты селдің қайғылы салдарына байланысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұған дейін «Курсив» ҚР СІМ Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткен Қазақстаннан келген туристі іздеп жатқанын хабарлаған болатын.