Непал мен Тибетте су тасқынынан зардап шеккен аудандарда құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылғаннан кейін қайта жанданды. Бұған дейін тауда пайда болған көлдің жарылу қаупіне байланысты іздеу-құтқару операциялары тоқтатылған еді. Тасқын салдарынан қаза тапқандар саны 552-ге жетті, тағы мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды infohub.kz.
Непалда 547 адам, Тибетте бес адам қаза тапты. Мұздықтың қозғалуынан су, лай, тас және мұз ағыны пайда болып, табиғи апатқа ұласқан.
Апаттан кейін пайда болған көлде су деңгейі көтеріле берді. Бейсенбіге қараған түні оның көлемі 2,5 млн текше метрден асты. Жаңа тасқын қаупіне байланысты құтқару жұмыстары шамамен үш сағатқа тоқтатылды, алайда кейін тәуекел бақылауда деп бағаланды.
90 мыңнан астам адам зардап шекті. Тасқын жолдарды, көпірлерді және энергетикалық нысандарды қиратты. Тибетте 558 адам хабар-ошарсыз кеткен, оның ішінде 260 шетелдік бар.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мұздық көлдер мен көшкіндерді бақылауды күшейтуді тапсырды. Ал Непал бірқатар елдердің қосымша іздеу-құтқару топтарын жіберу туралы ұсыныстарынан бас тартты.
Reuters деректеріне сүйенсек, Непалға көмек көрсетуді Үндістан, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка және Бангладеш ұсынған.
Бұған дейін «Курсив» СІМ Непал-Қытай шекарасында су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткен екі қазақстандық әйелді іздеп жатқанын жазған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, екеуі де табиғи апат аймағында болған.


