Непалды тағы да табиғат апаты дүрліктірді: төрт күн бойы тоқтамаған нөсер жаңбыр елдің түкпір-түкпірінде су тасқыны мен көшкін тудырды. Кемінде 21 адам қаза тапты, бесеуі із-түзсіз жоғалды, тағы бесеуі жарақат алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ауа райының қолайсыздығы 24-27 қыркүйек аралығында үдеді. Оның салдарынан үш мыңға жуық адам эвакуацияланды, жүздеген тұрғын үй зақымданып немесе қирады.
Непалдың орталық бөлігінен ағатын Нараяни өзенінің су деңгейі қауіпті тоғыз метрден асып, елді мекендерді су басуына байланысты жаңа ескерту жарияланды.
Сонымен қатар, көшкіндер елдің түрлі аймақтарын жалғайтын маңызды көлік торабы саналатын Читванға апаратын бірнеше тасжолды жауып тастады. Билік жаңбырдың жалғасуы жаңа су тасқыны мен көшкін қаупін арттыратындықтан, ойпатты аймақтардың тұрғындарын сақ болуға шақырды.
Апаттар қаупін азайту және оларды басқару жөніндегі ұлттық басқарманың (NDRRMA) соңғы деректеріне сәйкес, көшкін салдарынан 14 адам қаза тапқан. Көшкінге байланысты оқиғаларда тағы бес адам із-түзсіз жоғалған.
Су тасқынынан төрт адам құрбан болды, тағы үшеуі тоқтаусыз нөсер жаңбырдан қаза тапты.


