Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дубай — Тель-Авив рейсін орындаған ұшақ бортында әріптесіне шабуыл жасаған FlyDubai әуекомпаниясының ұшқышы ұсталып, қазір сауд билігі тергеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Израиль үкіметі басшысының мәлімдемесі орыс тілді ресми Telegram-арнада жарияланды. «Шабуыл жасаған ұшқыш ұсталып, қазір сауд билігі тергеп жатыр. Жолаушылардың одан әрі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың аман-есен үйлеріне оралуын қамтамасыз ету үшін тиісті органдармен үнемі байланыстамыз», — деп келтіреді Нетаньяхудың сөзін NUR.KZ.

Премьер-министр сондай-ақ ұшақ бортындағы жолаушылардың барлығы дерлік Израиль азаматтары болғанын атап өтті. «Ерекше тапқырлық пен батылдық танытқан қаһармандарға құрмет көрсетемін. Олар көптеген адамның өмірін сақтап, ауыр апаттың алдын алды. Қауіпсіздік құрылымдарына ықтимал қосымша қатерлерге дайындалуды тапсырдым», — деді ол.

Оқиға FlyDubai әуекомпаниясының әуе кемесінің бортында болды. Ұшаққа қарай Израиль Әскери-әуе күштерінің истребительдері көтерілді. Кейін лайнердің Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды.

Flydubai әуекомпаниясы Израиль теледидарына Дубай — Тель-Авив рейсінде ұшқыштар арасында төбелес болғанын хабарлады. Көп ұзамай ұшақ салонынан алғашқы фото мен видео пайда болды: суретте шабуылдаушымен күрескені болжамдалған жолаушы бейнеленген.

Билік ұшқыштың бірі ұшақты әдейі құлатпақ болған деген нұсқаны тексеріп жатыр. Оның әрекетін екінші ұшқыш пен онымен күреске түсіп, апаттың алдын алған израильдік жолаушылар тоқтатты деп болжанады.

Ұшқыштардың азаматтығына қатысты тағы бір нұсқа да айтылды. Ресей мен Украина азаматтығы туралы нұсқадан кейін ұшқыштардың Оман мен Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары екені туралы деректер пайда болды.

Кейінірек ұшқыштың бірі шабуылдан кейін пышақ жарақатынан көз жұмуы мүмкін екені туралы ақпарат шықты. Сондай-ақ БАҚ ұшақ басқаруын қолға алған Ресей мен Украинаның екі ұшқышы жолаушы ретінде ұшқанын анықтады.