Стримингтік алып Netflix оңтүстіккореялық «Кальмар ойыны» сериалының ағылшын тіліндегі спин-оффын әрі қарай дамытпау туралы шешім қабылдады. Бұл жобаны Дэвид Финчер түсіруі керек еді. Heckler деген жұмыс атауымен белгілі жоба түсірілім басталмай жатып жабылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

The Playlist деректеріне сүйенсек, жоба енді әзірленбейді. Бастапқыда оны «Кальмар ойынының» ағылшын тіліндегі тармағы ретінде жоспарлаған. Сценарийді британдық «Утопия» сериалының авторы Деннис Келли жазған, ал Финчер режиссер болуы тиіс еді.

Басылым дереккөзінің айтуынша, әзірлеу барысында Netflix жоспарлары түбегейлі өзгерген. Бұрын стримингтік сервис франшизаны америкалық сериал арқылы дамытуды көздесе, енді компания әртүрлі елдерге арналған жекелеген жергілікті нұсқалар жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Дегенмен, әзірге нақты жобалар туралы ешқандай хабарланбады.

Жобаның жабылуына қосымша себеп ретінде Финчердің басқа жұмыстарға ауысқанын айтады. Қазір режиссер Брэд Питттің «Бір кездері Голливудта» фильміндегі кейіпкерінің оқиғасын жалғастыратын «Клифф Буттың шытырман оқиғалары» фильмімен айналысып жатыр.

Спин-офф туралы қауесет «Кальмар ойынының» финалынан кейін күшейді, онда Кейт Бланшетт америкалық рекрутер рөлінде кенеттен пайда болды. Көптеген көрермен мұны Финчердің болашақ сериалына меңзеу деп шешті.

Бұған дейін инсайдерлер сериал «Кальмар ойыны: Америка» деп аталатынын, ал түсірілім 2026 жылдың 26 ақпанында Лос-Анджелесте басталуы керек екенін хабарлаған. Сол кезде жалғыз расталған актриса Бланшетт болған. Алайда жоба туралы алғашқы хабарлардан кейін Netflix күрт «үнсіз қалды».