Netflix «Нарния хроникалары: Сиқыршының жиені» фильмінің алғашқы трейлерін ұсынды. Клайв Стейплз Льюистің фэнтезиін жаңадан экрандастыруды «Барби» фильмін түсірген Грета Гервиг қолға алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Туынды Нарнияның қалай пайда болғанын баяндайды. Сюжеттің негізіне Клайв Стейплз Льюистің «Сиқыршының жиені» кітабы алынды — бұл кітап топтамада жариялану реті бойынша алтыншы, бірақ оқиғалар хронологиясы бойынша бірінші. Оқырмандар сиқырлы әлемнің шығу тегін дәл осы кітаптан біледі.
Грета Гервиг фильмнің режиссері әрі сценаристі болды. Бұған дейін ол 2023 жылдың ең көп талқыланған кинохиттерінің біріне айналған «Барби» фильмі үшін «Оскар» номинацияларын алған. Netflix жаңа «Нарнияны» әр буын көрерменіне арналған ауқымды шытырман оқиға ретінде сипаттайды.
Актерлік құрамда Дэвид Маккенна мен Беатрис Кэмпбелл, сондай-ақ Дэниэл Крэйг пен Кэри Маллиган бар. Ақ сиқыршы Джадис рөлін «Жыныстық тәрбие» сериалынан танымал Эмма Маки сомдайды, ал Аслан арыстанды Мэрил Стрип дауыстайды.
Фильм әлемдік прокатқа 2027 жылдың 12 ақпанында шығады. Одан екі күн бұрын, 10 ақпанда, туынды IMAX форматындағы арнайы алдын ала көрсетілімдерде ұсынылады. Netflix-те фильм 2027 жылдың 2 сәуірінде пайда болады.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle «Аштық ойындарының» жасаушылары жас Хеймитч туралы жаңа трейлер көрсеткенін жазған болатын.


