Нидерланд полициясы есірткі бароны Йос Лейдекеерсті ұстауға 2 миллион еуро сыйақы уәде етті. Бұл — ел тарихындағы ең үлкен сыйақы мөлшері, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ол Еуропалық Одақтың құқық қорғау органы — Еурополдың ең көп іздестірілетін қашқындар тізіміне енген. 2025 жылдың қаңтарында Нидерланд полициясы оның Сьерра-Леонеде тұрып, Омар Шерриф деген есіммен жүргенін болжаған.
Бұған дейін Лейдекеерстің президент Джулиус Маада Биомен және басқа да шенеуніктермен бірге түскен суреттері жарияланған. Нидерланд прокурорлары оны экстрадициялауды талап етті, алайда Сьерра-Леоне ынтымақтасудан бас тартты. Осыған байланысты Еуропалық Одақ елге берілетін кейбір көмекті қысқартты.
Батыс Африка — Латын Америкасынан келетін кокаин тасымалының негізгі транзиттік аймағы.
2024 жылы Роттердам соты Лейдекеерсті 7 тоннадан астам кокаинді заңсыз тасымалдауға кінәлі деп тауып, оны сырттай 24 жылға бас бостандығынан айырды. Нидерландта оған қатысты бірнеше тергеу жалғасып жатыр.
Сонымен қатар Бельгияда ол 79 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Нидерланд билігінің бағалауынша, ол кокаин тасымалынан ондаған миллион еуро табыс тапқан. Оған ақшаны жылыстату және аса қатыгездікпен күш қолдануға қатысу айыптары тағылады.


