Нидерландтың шығысындағы Овераселт ауылында таңғы сағат төрт шамасында болған қарулы шабуылда бір адам қаза тауып, 34 адам, оның ішінде Франция, Бельгия және Алжир азаматтары ұсталды. Бұл оқиға елдегі ең қауіпті есірткі бароны деп танылған Джос Лейдеккерспен байланыстырылуда.

Оқиға болған түні полиция тұрғындарға үйде қалып, есік-терезелерді жабуға кеңес берді, өйткені қаскөйлердің тағы да қашып жүруі мүмкін еді. Шабуыл кезінде бетперде киген қарулы адамдар тобы Овераселттегі бір үйге жақындап, оқ жаудырған. Салдарынан 51 жастағы күзетші қаза тапқан.

Оқиға орнына келген полицейлерге де оқ атылып, екі қызметкер жеңіл жарақат алған. Полиция өкілі Жоланда Альберстің айтуынша, оқиға орнынан бірнеше қару, ақпарат сақтау құрылғылары және көліктер тәркіленген.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл атыс Нидерландтың ең іздеулі қылмыскері, халықаралық кокаин саудасына қатысы үшін сотталған Джос Лейдеккерстің қылмыстық әлеміне байланысты болуы мүмкін. Ол кемінде үш жылдан бері Сьерра-Леонеде тұрып, ел президенті Джулиус Маада Бионың қызымен қарым-қатынаста екені айтылады.

Het Parool газетінің мәліметінше, қақтығыс Лейдеккерстің тобы тасымалдаған бірнеше жүз келі кокаинге байланысты туындаған. Прокурордың орынбасары Моник Винкестейннің айтуынша, өткен жылы осы үйде болған атыс оқиғасы да «ұзаққа созылған жанжалмен» байланысты болған, бірақ ол егжей-тегжейін айтпады.

«Қазіргі уақытта қамауда отырған топтың құрамы халықаралық сипатқа ие. Олардың арасында Франция, Бельгия, Алжир азаматтары, сондай-ақ Нидерландтан келгендер де бар», — деді Винкестейн. Оның айтуынша, күдіктілерге қасақана кісі өлтіруден бастап, адам ұрлауға дайындалуға дейінгі әртүрлі айыптар тағылуы мүмкін, ал қосымша ұстаулар болуы ықтимал.

Жергілікті әкім Джори Минсес бүкіл қауымдастықтың бұл оқиғаға таңғалғанын жеткізді. «Овераселтте болған оқиға барлық шекарадан асып түсті. Бұл голландиялық емес... Овераселт мүлдем қабылданбайтын төтенше зорлық-зомбылықтан дүр сілкінді», — деді ол.