Алматыда британдық музыкант Ник Хадсонның қатысуымен қайырымдылық кеші өтеді. Ол Massive Attack, Mogwai және Can тобының Дамo Судзукимен бірге жұмыс істегенімен танымал. Іс-шара 12 қыркүйекте DUMP бар-кофеханасында өтеді. Онда әртіс Тбилисиде жазылған соңғы сольдық альбомдарындағы әндерін орындайды, сондай-ақ алдағы Trees Reign Down, Fire On пластинкасындағы материалды алғаш рет ұсынады. Оның музыкасын фолк-нуар, авторлық және эксперименталды музыканың қоспасы ретінде сипаттайды, деп хабарлайды infohub.kz.
Музыкалық бөлімнен бөлек, қонақтарды заманауи өнердің қайырымдылық аукционы күтеді. Оған өз туындыларын Хадсонның өзі, сондай-ақ Ильяс Actk Сарбеков, Repas командасының суретшілері, Леонид Хан, Роман Захаров, Асхат Ахмедьяров, Арыстанбек Шалбаев, Меруерт Құнақова, Аружан Жұмабек және Айгерім Оспан ұсынды.
Жиналған барлық қаражат университетте 20 жылдан астам физикалық географиядан сабақ берген Айдар Жұмаділовтің отбасына беріледі. Осы қыста оған өкпенің IV сатысындағы қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Қазір оған ұзақ мерзімді ісікке қарсы терапия қажет, ал қымбат дәрі-дәрмектердің бір бөлігін мемлекет бермейді.
«Емдеу құны жылына шамамен $75 мыңды (34 млн теңге) құрайды — бұл соманы отбасы өз күшімен көтере алмайды. Айдардың ұлы — біздің досымыз әрі DUMP командасының мүшесі. Сондықтан біз ең жақсы істей алатын нәрсені жасауды жөн көрдік: айналамызға адамдарды, музыканы және өнерді жинап, бір кешті нақты көмекке айналдыру», — деп хабарлады Dump Coffee&Bar.
Кеш сағат 19:00-де Гоголь көшесі, 40 мекенжайында, ARTиШОК театрының бірінші қабатында басталады. Кіру тегін, қонақтар қайырымдылық жасай алады. Сондай-ақ алаңда кеш бойы бар жұмыс істейді.


