2026 жылғы физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығы оптогенетиканың пайда болуына негіз болған ашылымдар үшін берілді. Бұл әдіс тірі мидағы жүйке жасушаларының есте сақтау, сезім және мінез-құлықты қалай қалыптастыратынын көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сыйлықтың ресми сайтында жазылғандай, лауреаттар Петер Хегеманн, Георг Нагель және Карл Дайссерот болды. «Петер Хегеманн мен Георг Нагель бір жасушалы балдырдан таңғажайып ақуыз — каналородопсинді ашты. Карл Дайссерот осы ақуызды жүйке жасушалары үшін жарықпен басқарылатын қосқышқа айналдырды. Лауреаттар нейроғылымдағы жаңа дәуірдің іргетасын қалады», — делінген хабарламада.

Мидың сезімді, мінез-құлықты және ағза функцияларын қалай басқаратыны ұзақ уақыт жұмбақ болып келді. XX ғасырда зерттеушілер мидың қай бөліктері қандай функцияларға жауап беретінін зерттей бастады, алайда қолданылған әдістер себеп-салдарлық байланыстарды дәлелдеуге мүмкіндік бермеді. Оларда қалыптасқан ми бейнесі сұрақ белгілері мен белгісіз элементтерге толы схемалық картаға ұқсайтын. Енді жағдай өзгеруде.

«Оптогенетика миды картаға түсіру үшін бұрын тек армандауға болатын мүмкіндіктер ашады», — дейді физиология немесе медицина жөніндегі Нобель комитетінің төрағасы Пер Свеннингссон.

Барлығы Петер Хегеманнның қызығушылығынан басталды. Ол бір жасушалы «Хламидомонада» балдырының жарық көзіне қарай қалай жүзе алатынына қызықты. 2000 жылдардың басында ол Георг Нагельмен бірлесіп, балдыр жасушасының бетінде орналасқан ерекше қасиеттері бар ақуыз — каналородопсинді ашты.

«Көк жарық әсер еткенде ақуызда канал ашылады. Нәтижесінде зарядталған иондар жасуша ішіне ұмтылып, электр импульсін тудырады. Зерттеушілер бұл ақуызды кез келген басқа жасушаға енгізгенде, олар да жарыққа сезімтал болатынын анықтады», — делінген хабарламада.

Ал Карл Дайссеррот каналдық родопсин генін егеуқұйрықтардың жүйке жасушаларына енгізді. Осы жасушаларға көк жарықпен әсер етіп, ол жүйке импульсін тудыра алды. Өзінің серпінді ашылымы туралы ол 2005 жылы хабарлады. Екі жылдан кейін ол осы жарықпен басқарылатын механизмді тірі тышқандардың миында жұмыс істетуге қол жеткізді.

Жүйке сигналдарын жарық арқылы басқарудың бұл әдісі «оптогенетика» деп аталып, тез арада әлемдік маңызға ие болды. Оптогенетиканың көмегімен зерттеушілер нақты естеліктерге, сезімдерге және мінез-құлық түрлеріне жауап беретін, неврологиялық және психикалық бұзылыстарда маңызды рөл атқаратын нейрондық тізбектерді анықтай алды. Клиникалық медицинада бұл әдіс көру функциясы бұзылған адамдардың көруін қалпына келтіру әрекеттерінде қолданылады.

«Оптогенетика ми туралы түсінігімізді түбегейлі өзгертті. Әрбір жаңа күн адамзаттың ең үлкен құпияларының бірін — таңғажайып миымыздың қалай жұмыс істейтінін шешуге көмектесетін ашылымдар әкеледі», — деп атап өтті комитетте.