Норвегия билігі Шпицберген архипелагындағы ресейлік кемені Украинаның «Нафтогаз» компаниясының өтініші бойынша тәркіледі. Бұл — Ресейдің Қырымды заңсыз аннексиялауы мен украиндық энергетикалық активтерді, оның ішінде газ кен орындары мен құбырларды тартып алуына байланысты берілген 4,22 миллиард долларлық төрелік шешімді орындату жолындағы жаһандық күш-жігердің бір бөлігі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2023 жылы Гаагадағы төрелік сот Ресейді Украинаның мемлекеттік энергетикалық компаниясының Қырымдағы активтерін заңсыз тартып алуы үшін 4,22 миллиард доллар төлеуге міндеттеген болатын. Ресей бұл соманы төлеуден бас тартқан соң, «Нафтогаз» әлемнің түрлі елдеріндегі соттарға Ресейдің коммерциялық активтерін тәркілеу туралы өтініштер жолдап келеді.

«Нафтогаз» бас директоры Сергей Федоренконың айтуынша, бұл — Ресейдің Қырымдағы «Нафтогаз» активтерін заңсыз тартып алуына байланысты әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы тағы бір маңызды қадам. Ол Ресейдің халықаралық төрелік шешімді орындаудан бас тарту арқылы жауапкершіліктен құтыла алмайтынын, компанияның ресейлік активтерді әлем бойынша іздеуді жалғастыратынын атап өтті.

Норвегияның «Профессор Молчанов» кемесін тәркілеуі Солтүстік-Тромс аудандық сотының 31 тамыздағы шешіміне негізделген. Шпицберген губернаторы Ларс Фаустың мәлімдеуінше, кемеге Шпицбергендегі Баренцбург қаласындағы қазіргі тұрағын тастап кетуге тыйым салынған. Бұл ресейлік кеме коммерциялық экспедициялық круиздерге, соның ішінде Шпицбергенге сапарларға пайдаланылады.