Назарбаев университетінің түлектерінің барлығы дерлік Қазақстанда қалып, жұмыс істеуде. Олардың кейбірі табысты мансап құрып қана қоймай, өз компанияларын ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
NU түлектерінің шамамен 98 пайызы Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында білімін қолдануда – олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, қаржыгерлер және саясаттанушылар бар. Сонымен қатар, университет білікті мамандармен қатар, экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін кәсіпкерлерді де дайындайды.
Міне, өз жобаларын ашқан NU түлектерінің бес мысалы.
Аян Биримжан салауатты тамақтану желісі Health Project-ті құрып, Қазақстанда Drinkit компаниясының франчайзи-серіктесі атанды. Бүгінде оның компаниялары 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Алишер Шариязданов – Қазақстандағы ең жас долларлық миллионер. Ол 1,3 млрд долларға бағаланған Higgsfield AI стартапында Founding Growth Manager болып жұмыс істейді. Бұл стартап Қазақстандағы алғашқы «единорог» атанды. Компания командасының шамамен 90 пайызы – NU түлектері. Stripe дерегінше, Higgsfield AI компаниясының айлық кірісі шамамен 80 пайызға өсуде, бұл OpenAI көрсеткішінен үш есе жоғары.
Мәулен Ахметов сегіз жыл бұрын NU кампусында инклюзивті Kunde кофеханасын ашып, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастырды. 2025 жылы Алматыда екінші кофехана ашылды, оны іске қосу үшін екі күнде 8 млн теңге қайырымдылық жиналды. Бұл жоба Қазақстандағы ең танымал әлеуметтік кәсіпорындардың біріне айналды.
Лаура Вайгорова мектеп оқушыларына әлемнің үздік жоғары оқу орындарына түсуге көмектесетін SmartestPrep (STP) білім беру платформасын құрды. 2021 жылы стартап сингапурлық Quest Ventures қорынан 50 000 доллар тартты, ал 2025 жылы Стэнфорд университеті жанындағы StartX акселераторына енді. Лаура сонымен қатар Forbes Kazakhstan басылымының колумнисі.
Еркебулан Сапаров өнім менеджменті, деректерді талдау және жасанды интеллект бойынша мамандар даярлауға арналған Product Masters платформасын құрды. Жоба IT мамандары тапшылығын азайтып, дарындылардың шетелге кетуін тежеуге көмектеседі.


