Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істе жаңа сот талқылауы болады. Өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған Шерхан Аймаханның қорғаушылары апелляциялық шағым берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, енді істі апелляциялық сатыдағы сот қарауы тиіс.

«Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым берді. Мен оны зерделеп, қарсы пікір дайындаймын. Енді іс апелляциялық сатыдағы сотта қаралатын болады», — деді Омаров Threads-те.

Қорғаушылардың шағымда қандай дәлелдер келтіргені және апелляцияда неге қол жеткізгісі келетіні туралы жәбірленуші тараптың адвокаты әзірге нақтылаған жоқ.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте болған. Тергеу деректері бойынша, бұрын қызбен таныс болған 28 жастағы Аймахан Нұрай Серікбайды дүкен маңында күтіп тұрып, оған бірнеше өлімге әкелетін пышақ жарақатын салған.

Қылмыс жасағаннан кейін шабуылдаушы жасырынуға тырысқан, алайда көп ұзамай қаладан шамамен 10 км қашықтықта ұсталып, тергеу изоляторына қамалған.

Шерхан Аймахан бұған дейін 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған. Енді оған шығарылған үкім апелляциялық сатыда тексерілетін болады.