Алматы облысында актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге үкім шықты — ол 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс оның бұрынғы азаматтық некедегі жұбайымен жанжалына қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Қарасай аудандық соты Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша — бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдаланып, көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық істі қарады.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, сотталушы мен жәбірленуші азаматтық некеде тұрған және екі кәмелетке толмаған ортақ баласы бар. 2024 жылғы 14 сәуірде олар бірге тұруды тоқтатқан.
Қылмыстық қудалау органы ер адамды әлеуметтік желілерде жәбірленушінің имансыз мінез-құлқы туралы көрінеу жалған мәліметтер таратып, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірді деп айыптады.
Сот сотталушының жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген көрінеу жалған ақпарат таратқанын дәлелденді деп таныды. Блогер кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтелуге тиіс.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ол 5 жыл мерзімге журналистік, блогерлік және бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және өзге де телекоммуникациялық желілерде анықталмаған тұлғалар тобына арналған ақпаратты дайындау, орналастыру және таратумен байланысты өзге де публицистикалық ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 5 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндіріп алды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Нұрсұлтан Жақсыгенге үкім шығарылғаны туралы жәбірленуші тараптың адвокаты да хабарлады.


