Нью-Йорк билігі секс-банялар мен ересектерге арналған сауналарға қатысты 40 жылға жуық уақыт бойы қолданылып келген тыйымды алып тастау мүмкіндігін қарастыруда. Бұл бастама штаттың заң шығарушы органдарына ұсынылып отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Штат сенаторы Эрик Ботчер мен Ассамблея мүшесі Тони Симоне ұсынған заң жобасы қолданыстағы тыйымды заманауи реттеумен алмастыруды көздейді. Авторлардың айтуынша, соңғы онжылдықтарда АИТВ-ның алдын алу тәсілдері түбегейлі өзгерді.
«Қазір 2026 жыл, 1986 жыл емес. Соңғы 30 жылдағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер секс-банялар мен ересектерге арналған сауналарға тыйым салуды алып тастау керектігін айқын көрсетіп отыр», — деді Симоне.
Қазір доконтактілі және постконтактілі профилактика (PrEP және PEP) препараттары, тұрақты тестілеу және тиімді емдеу әдістері пайда болды. Сондықтан ондаған жылдар бұрын қабылданған шектеулер енді заманауи медициналық тәжірибеге сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, саясаткерлер секс-банялар тарихи тұрғыдан Нью-Йорктегі ЛГБТ қауымдастығының маңызды бөлігі болғанын айтады. Олардың пікірінше, мұндай мекемелердің заңды жұмысы оларды «көлеңкеден» шығарып, қауіпсіз етеді және аурулардың алдын алу мен келушілерге ақпарат беру алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Дегенмен, бұл бастама қазірдің өзінде дау тудырды. Заң жобасына қарсылар мұндай мекемелер инфекцияның таралуына ықпал етіп, қауіпті жыныстық мінез-құлықты ынталандыруы мүмкін деп санайды.
Нью-Йоркте секс-баняларға тыйым 1980-жылдардың ортасында — АИТВ және СПИД індеті қарқын алған кезде енгізілген еді. Сол кезде билік вирустың таралуына ықпал етеді деп, мұндай мекемелерді жапқан болатын. Содан бері заң іс жүзінде өзгермеген және шамамен 40 жыл бойы қолданылып келеді.
Егер бастама мақұлданса, Нью-Йорк ескі шектеулерді қайта қарай бастаған штаттар қатарына қосылады. Бұған дейін Миннесота штаты да осындай тыйымды алып тастаған болатын.


