АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, Нью-Йорктегі Олбани қаласының 35 жастағы тұрғыны Джессика Боуи штат Капитолийіне «Ислам мемлекеті» шабыттандырған шабуыл жоспарлады деген күдікпен ұсталып, айып тағылды.

Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бас прокурордың көмекшісі Джон А. Айзенбергтің айтуынша, Боуи Капитолийге жарылғыш құрылғы орнатып, мемлекеттік қызметкерлерді өлтіріп, ғимаратты мүмкіндігінше қиратып, содан кейін Сириядағы «Ислам мемлекеті» бақылайтын аумаққа қашуға ниеттенген.

Әділет министрлігінің хабарлауынша, Боуи сәрсенбі күні өзі жарылғыш құрылғы деп ойлаған затты алғаннан кейін қамауға алынды. Ол бұған дейін Капитолий аумағында байқалып, ғимараттың суреттерін түсірген.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Боуи өз мақсатын сипаттай келе, шабуылдың «американдық жүйеге әсер еткенін» қалайтынын айтқан. Сондай-ақ ол 11 қыркүйектегі шабуылдарды мадақтап, антиамерикандық хабарламалар таратқан. Еске салайық, 11 қыркүйекте әл-Қаида содырлары коммерциялық ұшақтарды ұрлап, оларды Бүкіләлемдік сауда орталығы мен Пентагон ғимаратына, сондай-ақ Пенсильвания штатындағы Шанксвилл маңындағы алаңға құлатқан болатын.

Боуидің адвокатына дереу түсініктеме алу мүмкін болмады.

Боуи ұсталғаннан кейін Нью-Йорк губернаторы Кэти Хокул штат Капитолийінде және жалпы үкімет ғимараттарында қауіпсіздік шараларын күшейту туралы шешім қабылдағанын, себебі саяси зорлық-зомбылық пен мемлекеттік қызметкерлерге қауіп төндіру жағдайлары артқанын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта тікелей қауіп жоқ, бірақ біз Нью-Йорк тұрғындарын қорғау және қауымдастықтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істей береміз», — деді ол мәлімдемесінде.