Нью-Йорк штатының губернаторы Кэти Хокул қызылшаның таралуына байланысты төтенше жағдай жариялап, вакцинация жүргізуге құқығы бар мамандар шеңберін кеңейтетін тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Штат үкіметінің сайтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, вакцинация жүргізуге жіберілген мамандар тізіміне парамедиктер, жедел медициналық көмек мамандары, фармацевтер және акушерлер енгізілді. Сонымен қатар, медбикелерге дәрігерлермен қатар қызылшаға тест тағайындауға рұқсат берілді.

«Нью-Йорк штатындағы қызылша жағдайлары туралы соңғы деректерді зерделегеннен кейін, осы аурумен күрестегі жалғасып жатқан күш-жігерімізді күшейту үшін төтенше жағдай жариялаймын», — деді Хокул.

Штатта 108 расталған ауру жағдайы тіркелгені атап өтілді: жетеуі — Нью-Йоркте, 101-і — қалған аудандарда.

Денсаулық сақтау департаментінің комиссары Джеймс Макдональд тұрғындарды өздерінің егу мәртебесін тексеруге шақырды.

«Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакцина — ең жақсы қорғаныс, ол ұсынылған дозаларды алған адамдардың барлығын дерлік аурудан қорғайды», — деді ол.

Қызылша — өте жұқпалы ауру. Негізгі белгілері: жоғары температура, жөтел, мұрын бітелуі, көздің қызаруы және кейіннен бөртпе шығуы.