Ресейде аса қауіпті инфекцияға күдік туралы хабар тараған соң Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі қабылданған алдын алу шаралары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, ведомство Иркутск облысындағы ахуалды белсенді бақылап отыр. Қазақстанда бұл мәселе тұрақты бақылауда, алдын алу сипатындағы шаралар қабылданды.

«Мемлекеттік шекарадан өтетін өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде. Барлық көлік түрлерінде дене қызуы жоғары, ауру белгілері бар немесе аса қауіпті инфекцияға күдікті адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, Қазақстанға инфекция әкелу қаупі төмен күйінде қалып отыр. Ресми ақпарат келіп түскен сайын ахуалға берілген баға мен қабылданып жатқан шаралар нақтыланатын болады», — деп нақтылады министрлікте.

Қазақстандықтарға ескерту жасалды: сапардан кейін ауру белгілері пайда болса, дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге болған жерлері мен сапар күндерін айту қажет.

«Қолда бар деректерге қарағанда, қазіргі таңда ресейлік мамандар эпидемиологиялық тергеу жүргізіп жатыр. Түпкілікті диагноз әзірге ресми түрде расталған жоқ, ықтимал жұқпа көзі мен жағдайы анықталуда. Медициналық бақылауда 197 байланыста болған адам бар. Қолда бар деректер бойынша, оларда ауру белгілері анықталған жоқ, зертханалық зерттеу нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде», — деп қосты Денсаулық сақтау министрлігінде.

Ведомствода атап өткендей, Роспотребнадзордың соңғы деректері бойынша Иркутск облысында, Иркутскіде және Шелеховте санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты, оба жағдайлары тіркелген жоқ. Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталуда.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкері обаға күдікпен көз жұмғанын хабарлаған болатын. Марқұм диагностика үшін биоматериал жинап жатқанда зертханада қауіпті бактерия салынған пробирканы абайсызда сындырып алды деп болжанған.