Қазақстанда өкпе қатерлі ісігі туралы хабардарлық апталығы басталды. Осы аясында 1600-ден астам адам төмен дозалы компьютерлік томография арқылы тегін тексеруден өте алады. Бұл әдіс ауруды ерте кезеңде, тіпті кішкентай өзгерістерді де анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан бұл әдісті қолданатын Орталық Азиядағы алғашқы елдердің бірі болды, деп хабарлайды infohub.kz.

Елімізде жыл сайын өкпе қатерлі ісігінің төрт мыңға жуық жағдайы анықталады, оның екі мыңға жуығы өліммен аяқталады. Дәрігерлер мұндай статистиканы аурудың кеш анықталуымен байланыстырады. Сондықтан ерте диагностикаға ерекше көңіл бөлінеді, ал төмен дозалы компьютерлік томография Қазақстанда алғаш рет енгізілген негізгі әдістердің бірі болып табылады.

«Компьютерлік томография кеуде қуысының әрбір миллиметрін қабат-қабат кескіндейді. Миллиметрлік қиындылар 2-3 миллиметрлік өкпе түйіндерін жіберіп алмауға мүмкіндік береді. Бұл өте ерте анықтау, өкпе қатерлі ісігінен болатын өлімді азайтуға жеткізеді», — деп түсіндіреді ҚазҒЗИОиР радиология және ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Аманқұлов.

Мамандардың айтуынша, жаңа әдістегі сәулелік жүктеме кәдімгі компьютерлік томография мен флюорографияға қарағанда айтарлықтай төмен. Процедура бірнеше секунд қана алады және арнайы дайындықты қажет етпейді: аш болудың, анализ тапсырудың немесе әдеттегі дәрілерді қабылдауды тоқтатудың қажеті жоқ.

«Төмен дозалы компьютерлік томография арқылы жоғары қауіп тобындағы пациенттерге скрининг жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл — 50 жастан асқандар, темекі шегетіндер, жақында темекіні тастаған немесе ұзақ уақыт шеккендер, сондай-ақ зиянды жағдайда жұмыс істейтіндер, шаңмен, химикаттармен және канцерогенді заттармен байланыста болатындар», — деп атап өтті онколог дәрігер Бауыржан Иманбеков.

Қазақстандықтар 15 тамызға дейін төмен дозалы компьютерлік томографиядан тегін өте алады. Барлығы 1600-ден астам адамды тексеру жоспарлануда. Өкпені тексеруге жазылу мекенжайлары мен телефондарын Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сайтынан білуге болады. Еске салайық, Қазақстанда тұрақты негізде үш түрлі онкологиялық скрининг тегін жүргізіледі — сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі және колоректальды қатерлі ісік. Бірінші жартыжылдықта екі миллионнан астам адам тексеруден өтті.