Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс алаңында болған өрт салдарынан екі ер адам қаза тапты, олардың бірі Қазақстан азаматы еді. 24 жастағы Максим Багинский денесінің шамамен 70 пайызын күйік алған болатын, ол 18 тамызда ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz.
ТАСС мәліметінше, қайтыс болған азамат нысанның мердігері болған «Глобал инжиниринг» компаниясында жұмыс істеген. Ресейдің Тергеу комитеті жас жігіттің осы ұйымның қызметкері болғанын растады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың қазасын растады. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде: «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 18 тамызда Омбы қаласында болған өрт салдарынан қаза тапқан Қазақстан Республикасы азаматының туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады», — делінген.
Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығы қайтыс болған азаматтың отбасына қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіп, Ресейдің құзырлы органдарымен байланыста. СІМ туыстарымен байланыста екенін де атап өтті.
Оқиғаға байланысты Ресейде еңбекті қорғау талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу өрттің себептерін және құрылыс алаңындағы жұмысшылардың қауіпсіздігіне жауапты адамдарды анықтап жатыр.
Ресей арнайы қызметтерінің дерегінше, барлығы 11 адам зардап шекті. Ең ауыр күйік алған екі науқас бұған дейін Нижний Новгородқа жеткізілген.


