Өткен аптада Омбыда құрылыс нысанында болған ірі өрт салдарынан екі адам қаза тауып, олардың бірі Қазақстан азаматы болғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды infohub.kz.
РБК-ның Омбы облысы ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, 15 тамызда Омбыдағы Шаронов көшесінде салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйде өрт шыққан. Өрт бірінші қабатта құрылыс материалдарының тұтануынан басталып, тез арада жоғарғы қабаттарға тараған.
ТАСС деректеріне сәйкес, төтенше жағдай салдарынан сегіз адам зардап шекті. Олардың барлығы әртүрлі дәрежедегі күйік алған — дене бетінің 20-90 пайызы — және ауыр жағдайда реанимацияға жатқызылды. Бүгін агенттік өрт екі адамның өмірін қиғанын хабарлады. Қаза тапқандардың бірі — 2002 жылы туған Қазақстан азаматы, ол денесінің 70 пайызы күйікпен ауруханада жатқан.
NUR.KZ тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігіне сұрақ жолдады. Ведомство қазақстандықтың Омбыдағы өрт салдарынан 18 тамызда қайтыс болғанын растады.
ҚР СІМ баспасөз қызметінде: «Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде, оның ішінде құжаттарды ресімдеуге және азаматтың қазасына байланысты ресейлік құзыретті органдармен өзара іс-қимыл жасауға көмектесуде», — деп қосты.
Министрлік қайтыс болған азаматтың отбасымен байланыста екенін және өз құзыреті шеңберінде қажетті көмек көрсетіп жатқанын атап өтті.


