Чехиялық Omnipol Defence a.s. компаниясы Ақтөбе облысына L-410 ұшақтарын жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, жобаны қаржыландыру мәселелері Өнеркәсіпті дамыту қорымен бірлесіп пысықталуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әкім ұшақтарды жеткізу мәселесін Omnipol Defence a.s. директорлар кеңесінің төрағасы Артем Мовсесянмен кездесуде талқылады.

Оның айтуынша, ұшақтарды жеткізудің облыс үшін маңызы зор, өйткені мұнда шағын авиацияны белсенді дамыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыс алдында мамандар даярлау және өңірлік әуе қатынасын жолға қою үшін қажетті инфрақұрылым құру міндеті тұр.

Бұдан бөлек, Шахаров Шалқарда әуежай салуға жарияланған конкурс туралы айтып берді.

Өз кезегінде Omnipol өкілдері ұшақтарды пайдалануға қажетті жерүсті жабдықтарын дайындауға қатысуға келісті.

Артем Мовсесян холдинг құрамында шағын және орта әуежайлардың инфрақұрылымына маманданған Omnipol Airports деген жеке бағыт жұмыс істейтінін атап өтті. Компания жарық сигналдық жабдық, әуе қозғалысын басқару және навигация жүйелері бойынша шешімдер ұсынуға дайын.

Айта кетейік, L-410 ұшақтары Қазақстанда әлдеқашан пайдаланылып келеді. Талғат Бегельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты 2023 жылдан бері Ақтөбеде екі L 410 UVP-E20 ұшағын орналастырып отыр. Тағы төрт L 410 NG ұшағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиаспас» АҚ пайдалануында.

L-410 — 19 жолаушыға дейін сыйдыратын, шағын және орта қашықтыққа тасымалдауға арналған турбовинтті ұшақ. Бұл типтегі ұшақтар ұшу-қону жолағы салыстырмалы түрде қысқа әуеайлақтарда да пайдаланыла алады, бұл жергілікті әуежайлар желісін дамыту үшін маңызды.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, Air Astana бас атқарушы директоры (СЕО) Ибрахим Жанлыел Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстерді орындауға арналған алғашқы Boeing 787 Dreamliner ұшақтары республикаға осы жылдың желтоқсанында келетінін мәлімдеген еді.