Оңтүстік Корея президенті Ли Чже Мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қылмыскерлерді ұстауға көмектескені үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды infohub.kz.
Ли Чже Мен өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында қазақ тілінде жазба жариялап, Камбоджа мен Вьетнам арқылы Қазақстанға заңсыз кірген және өз елінің азаматтарына қарсы телефон алаяқтықпен айналысқан Корея Республикасының ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері ұсталғаннан кейін екі апта ішінде елге қайтарылып, қазір тергеу амалдары жүріп жатқанын атап өтті.
«Ұстаудан депортацияға дейінгі жұмыстың жедел орындалуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды», — деп жазды Ли Чже Мен.
Ол сондай-ақ қазақстандық көшбасшымен жақын арада жеке кездесуге үміт білдірді. «Біз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Келесі айда өтетін Корея Республикасы — Орталық Азия саммитінде жеке кездесіп, алғысымызды білдіруге мүмкіндік болады деп үміттенеміз. Корея Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қауіп төндіретін қылмыстарға ешқандай жағдайда жол берілмейді. Олар қайда жасырынса да, біз оларды соңына дейін тауып, жауапқа тартамыз», — деп атап өтті Оңтүстік Корея президенті.
Еске салайық, 30 шілдеде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Кореяның 14 азаматының ұсталғанын хабарлаған болатын. Олардың Отанында оларды ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасады деп күдіктейді.


