Оңтүстік Корея соңғы жылдардағы ең ауқымды технологиялық бағдарламалардың бірін ұсынды. Ел 2030 жылға қарай Айға қонуды, өзінің кванттық компьютерін жасауды және жақында ғана ғылыми фантастика болып көрінген технологияларды нарыққа шығаруды көздеп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңа мемлекеттік бастама Seven Major SEED деп аталады және дамудың жеті негізгі бағытын қамтиды. Билік дәл осылар жасанды интеллект пен жартылай өткізгіштерден кейінгі ел экономикасының негізіне айналады деп есептейді.
Ең ауқымды мақсаттардың бірі — 2030 жылы Айға қону. Одан екі жыл өткен соң Оңтүстік Корея екінші ай миссиясын жіберуді жоспарлап отыр, ал 2035 жылға қарай төмен жер орбитасында өзінің спутниктік байланыс желісін құруды көздейді.
Есептеу технологияларына қатысты да жоспарлар одан кем емес. 2029 жылға қарай ел өзінің 100-кубиттік кванттық компьютерін (қазіргі ДК шеше алмайтын есептерді шығара алатын болашақ компьютері) жасауды, ал 2035 жылға қарай кванттық чиптер өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың біріне айналуды жоспарлап отыр.
Энергетикаға да үлкен көңіл бөлінеді. Оңтүстік Корея 2035 жылға қарай өзінің шағын модульді ядролық реакторларын коммерцияландыруды, термоядролық энергетиканы, жаңа күн панельдерін, теңіз жел электр станцияларын және сутегі өндіру технологияларын дамытуды жоспарлап отыр.
Бағдарламаға биотехнологиялар да енді. Мақсаттар қатарында жасанды интеллект пен биомедицинаны біріктіретін инфрақұрылым құру, ЖИ көмегімен дәрі-дәрмек әзірлеу, автоматтандырылған зертханалар, гендік терапияның жаңа әдістері және 2035 жылға қарай «ми — компьютер» интерфейстерін коммерцияландыру бар.
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён ел келесі технологиялық серпілістерге алдын ала дайындалуы керек, олардың жаппай қолданысқа енуін күтіп отырмауы қажет деп мәлімдеді.
«Осы жеті жоба жаңа буынның өсу қозғалтқышы және елдің негізгі стратегиялық активтеріне айналады», — деп атап өтті ол.
Үкіметтің айтуынша, жаңа бағыттар Оңтүстік Кореяға халықтың қартаюы және жоғары технологиялар саласындағы көшбасшылық үшін күшейіп келе жатқан әлемдік бәсеке жағдайында бәсекеге қабілеттілігін сақтауға көмектесуі тиіс.


