Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен Украина президенті Владимир Зеленскийді екі солтүстіккореялық тұтқынды тапсыру туралы ақпаратты жария еткені үшін қатыгездік пен жауапсыздықта айыптады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Yonhap агенттігінің мәліметінше, сынға Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген Владимир Зеленскийдің сөзі себеп болған. Онда ол Украина жақында екі солтүстіккореялық сарбазды Оңтүстік Кореяға жібергенін айтқан. Украина президентінің әкімшілігі екі солтүстіккореялық тұтқынды тапсыру Сеулмен тікелей диалог аясында жүзеге асқанын растады.

Ли Чжэ Мен бұл мәселенің аса нәзік екенін және дипломатияға, ұлттық қауіпсіздікке, сондай-ақ Корей түбегіндегі қауіпсіздік жағдайына орасан зор әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Украина ақпаратты жарияламау туралы келісімді бұзып, мәліметті жария етті. Ақпараттың жария етілу себептерін білмеймін, бірақ бұған өкінемін», — деді Оңтүстік Корея президенті.

Оның айтуынша, Сеул мен Киев солтүстіккореялық сарбаздарды құпия түрде тапсыруға келіскен. Себебі ақпарат жария болған жағдайда көптеген қиындық туындауы мүмкін еді.

Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның оппозициялық партиялары бұл келісімді құпия ұстау шешімін сынады. Ли Чжэ Мен өз кезегінде осындай нәзік келісімнің егжей-тегжейін жария ету қатыгездік пен жауапсыздық болар еді деп жауап берді.

Еске салайық, 2025 жылдың қаңтарында екі солтүстіккореялық сарбаз Ресейдің Курск облысында украин күштерінің қолына түскені белгілі болған.