Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарына еңбек квотасын 2028 жылдан бастап бере бастайды, ал қазақстандықтардың бұл елде заңды жұмысқа орналасуы үшін өтінім қабылдау 2018 жылдан басталады. Оған дейін республикада Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесінің (Employment Permit System, EPS) арнайы орталығы ашылып, тестілеу жүйесі іске қосылады және үміткерлерді шетелге шығар алдындағы дайындық ұйымдастырылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кореяға сапары барысында тараптар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасында Жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесі (Employment Permit System, EPS) аясында жұмысшыларды жіберу және қабылдау туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Ресми жұмысқа орналастыруды екі елдің мемлекеттік органдары тікелей еңбек шарты бойынша рәсімдейді.

EPS аясында қазақстандықтарға үш жылға дейінгі мерзімге E-9 визасы беріледі, оны төрт жыл он айға дейін ұзартуға болады. Жұмысқа орналасу бес негізгі бағыт бойынша қарастырылған: өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы, балық аулау, сондай-ақ қызмет көрсету саласы.

«Жүйенің ағымдағы жылға арналған жалпы квотасы 80 мың шетелдік жұмысшыны құрайды», — деп нақтылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде.

Алайда Қазақстанға арналған квотаны бағдарлама толық іске қосылғаннан кейін корей тарапы айқындайды.

Бұған дейін «Курсив» 40 жастан асқан қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа орналаса алмайтынын жазған болатын.