Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Оңтүстік Кореядан актриса мен режиссер ұрлатып алған Ким Чен Ир

Ким Чен Ир кино түсіргенді жаны сүйетін. Тіпті осы үшін ол Оңтүстік Кореядан актриса мен режиссерді ұрлатып алдырды.

КХДР - дің о дүниелік болған көсемі кино мен актерлер десе ішкен асын жерге қоятын көңілімен әйгілі болды. Өз еліндегі дарынды әртістер мен режиссерлер түгесілгенде олардың бір-екеуін Оңтүстік Кореядан ұрлап әкеліп, социализмнің игілігі үшін жұмыс істетуді ұйғарған еді.

Ұрланған киножұлдыздар

Ким Чен Ир киноны үгіт-насихаттың ең қауқарлы құралы әрі өнердің ең үздігі деп білді. Ол шартараптан әкеліп, жеке өзі үшін ана тіліне аударылған фильмдердің қисапсыз мол коллекциясын жинады. 1966 жылы КХДР патшасы Ким Ир Сен өзінің 25 жасар баласы Ким Чен Ирді кино және өнер бөлімшесінің басшысы етіп тағайындады. Осылайша жас киноман қасиетті де қастерлі салаға бас сұқты.

Ким Чен Ир

Ол солтүстіккореялық әскери және саяси қайраткерлер, сол заманғы КХДР-ғы жұрттың бақытты өмірі мен олардың жауларының жан ашырлық жағдайы баяндалатын үгіт-насихат киноларды түсіруге кірісті.

Алайда, белгілі бір үлгі бойынша және бәрі біркелкі сомдалған кейіпкерлерден тез арада-ақ жалығып кеткен Ким Чен Ир голливуддық туындылармен салыстыруға татырлық нағыз кино түсіргісі келді. Бұлай істеу үшін оған ондай киноны қалай түсіруді білетін адамдарды қарамағына алу керек болды. Өнер қайраткерлерін шақыру КХДР әдетінде жоқ болатын, сондықтан оларды жай ғана ұрлап әкете салуды ұйғарды.

1978 жылы оңтүстіккореялық актриса Чхве Ын Хи аяқ асты ғайып болды — көргендердің айтуынша оны көлікке салып алып кеткен. Алты айдан соң ол актрисаның бұрынғы күйеуі — әйгілі режиссер Шин Сан Ок та қолға түсті, ол бұрынғы жұбайын іздеуге шыққан еді.

Үгіт-насихат және «Годзилланың» коммунистік нұсқасы

Бұрынғы ерлі-зайыптыларды КХДР-ға алып келді. Бас кезінде олар бір бірінен бөлек тұрды. Режиссер тұтқыннан қашып кетуге талпынып көрді, бірақ киноман Ким Чен Ирден кетіп қалу оңай шаруа емес еді. Актриса болса, өзін ақылдырақ ұстады — озбыр лидермен кино жайында әңгімелесіп, мейрамханаларда тамақтанып жүрді. Ол мылтық атуды және қорқынышты фильмдерді жақсы көретін болып шықты. Актрисалардың ішінен оған басқалардан көбірек ұнайтыны Элизабет Тэйлор болды, ал ерлер ішінде — Шон Коннери сомдаған Джеймс Бонд ұнады.

Мен одан аздап қорқатынмын, алайда, ол сезгіштеу кісі екен. Одан сескенетінімді байқағанда «Чхе жолдас, неге дір-дір етіп тұрсыз? Шынымен-ақ қортықтан қорқасыз ба?» деп сұрап көңілімді орнына түсірді. Осыдан соң күліп жіберді, оның күлкісі әсерлі болды, өзіне деген ирониясы мықты болатын. — Чхве Ын Хи

Бірнеше жылдан соң ерлі-зайыптыларға кездесуге мүмкіндік берілді. Көп өтпей олар үйленді. Сосын Солтүстік Корея үшін кино түсіре бастады — алдағы үш жыл ішінде бұл жұп жеті фильм шығарды, олардың ішінде «Пульсагари» деген атаумен жапондық «Годзилланың» кәрістік аналогы да бар.

Алтын тордан қашып шығу

КХДР-да Шин мен Чхве тез арада танымал жұлдыздарға айналып шыға келді. Оларға арнап үлкен үй салып берді, ас-ауқаттан кенде қылмады, қымбат сыйлықтар: косметика, автокөліктер, сағаттар әкеп беріп отырды. Актриса өз отаны мен көз жазып қалған жора-жолдастарын сағынып жүрді, Шиннің көңілі тоқ еді — кейінгі жылдары оның өз отанындағы қызмет-мансабы онша жақсы емес еді, ал мына жерде ол кумир болды.

Шин Сан Ок, Ким Чен Ир және Чхве Ын Хи.

Көп кешікпей жұбайларға шетелге саяхаттап шығуға рұқсат етілді. Алайда, КХДР билігі сақтануды жөн көрді — ерлі-зайыптылармен, қашан болсын, оққағарлар бірге жүрді, олардың төлқұжаттарын қолдарына ұстатпады. Бір күні олар Венаға жол тартты және сол жерде қашып кетуге бел буды. Олар қырағы қарауылдардан айласын асырып, Америка елшілігіне жетіп тығылды.

Олар АҚШ-қа барып, КХДР жайында бар білгендерін жайып салды. Осы үшін оларды қорғау бағдарламасына енгізіп, ойдан шығарылған атпен Disney студиясына жұмысқа тұрғызды. Намысы тапталған Ким Чен Ир оларды елінің жадынан өшіруді ұйғарып, олардың есімдерін барлық солтүстіккореялық фильмдерден алып тастауды бұйырды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама