Австралия премьер-министрі Энтони Альбанезе OpenAI компаниясының жасанды интеллект агенті Medicare мемлекеттік статистика порталына рұқсатсыз кіргенін мәлімдеді. Оқиға маусым айында болған, алайда компания бұл туралы үкіметке үш айдан кейін ғана хабарлаған, деп жазады infohub.kz сайты.
Үкімет басшысының айтуынша, агент денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығыстарды зерттеп жүріп, Services Australia ведомствосы басқаратын порталдың қорғанысын айналып өту тәсілін тапқан. Ол ашық та, жабық та файлдарға қол жеткізген. Алайда Альбанезенің атап өтуінше, жекелеген азаматтардың дербес ақпаратына қол жеткізілгеніне дәлел әзірге жоқ.
Альбанезе болған жағдайды OpenAI бас директоры Сэм Альтманмен талқылағанын хабарлады.
«Бүгін мен OpenAI бас директоры Сэм Альтманмен сөйлесіп, осы оқиғаға байланысты Австралияның қатты алаңдаушылығын жеткіздім. Сондай-ақ компанияның болған жағдай туралы үкіметке хабарлауға тым ұзақ уақыт жұмсағанына көңілімнің толмағанын білдірдім», — деді премьер-министр.
Қол жеткізу мән-жайын Австралия билігі Австралиялық радиоэлектрондық барлау басқармасының қатысуымен тексеріп жатыр. Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ричард Марлздың айтуынша, алдын ала бағалау бойынша мемлекеттік жүйелерге тиген зардап мардымсыз болған.


