Оралда көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адам өзіне қате жазылған айыппұлдарды сот арқылы жойдырды. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотқа ер адамнан ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы 1-бөлігі және 230-бабы 2-бөлігі бойынша жазылған айыппұлдарға шағым түскен. Ол 2025 жылдан бері көлік жүргізу құқығынан айырылғанын, айыппұлдар көрсетілген автокөлікті құжатсыз сатып жібергенін айтқан.
Сот өз бастамасымен полиция департаментінен осы көліктің Оралдағы қозғалысына қатысты қосымша бейне және фотосуреттерді сұратып алды. Тергеу барысында сол кезде көлікті басқа біреудің жүргізгені анықталды.
Полиция департаментіне нақты құқық бұзушыны анықтауға уақыт беріліп, бұл мерзімінде орындалды. Соттың араласуымен айыппұлдарды төлеу талаптары көлікті нақты басқарған жүргізушіге қайта рәсімделді. Шағым беруші 64 875 теңгеден босатылды.


