Оралда 18 жастағы BMW көлігінің жүргізушісі қауіпті маневрлері мен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталында мәлім болғандай, әлеуметтік желілерді бақылау барысында полицейлердің назарын BMW жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасағаны түсірілген бейнежазба тартты. Жарияланым пайдаланушылардың да сынына ұшырады.

Бейнежазбада жүргізушінің жоғары жылдамдықпен бірнеше көлікті қатарынан басып озып, біреуін сол жағынан, енді біреуін оң жағынан айналып өткені көрінеді. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің кім екені анықталды. Ол Батыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғыны болып шықты.

Бейнебақылау жүйесін пайдаланып жүргізілген қосымша тексеру барысында жүргізушінің 15 минут ішінде Оралдағы Абылхайыр хан даңғылы мен Шолохов көшесінде жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны анықталды. Көлік қозғалысы қарқынды бұл учаскелерде ол басқа жүргізушілерге қауіп төндіретін маневрлер жасаған.

Жүргізушімен профилактикалық түсіндіру әңгімесі жүргізілді. Анықталған құқықбұзушылықтар үшін ол жауапқа тартылды.