Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты танысын бірге ішімдік ішіп отырған кезде өлтірді деп айыпталған әйелге үкім шығарды. Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сот анықтағандай, сотталушы танысының үйінде болып, олар бірге спирттік ішімдік ішкен. Дастарқан басында мас күйінде олардың арасында ауызша жанжал туындаған.

Жанжал барысында әйел үстелден асхана пышағын алып, өлтіру ниетімен жәбірленушінің өмірлік маңызды мүшелеріне — кеуде қуысы мен іш қуысына кемінде сегіз рет жарақат салып, ішкі мүшелеріне зақым келтірген. Алған дене жарақаттарынан ер адам сол күні қалалық көпбейінді ауруханада есін жимай көз жұмған.

Мемлекеттік айыптаушы қойылған айыпты қолдап, сотталушыға 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленуші де оған қатаң жаза тағайындауды өтінген.

Сотталушының өзі қойылған айыппен келіспей, өз әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігіне (жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеп соққан, денсаулыққа ауыр зиян келтіру) қайта саралауды және неғұрлым жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Сот үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде (кісі өлтіру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерген.

Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.