Оралда сот Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығына жеке қаулы шығарды. Полиция қызметкері электрондық цифрлық қолтаңбасының жабық кілтін әріптесіне бергені, ал әкімшілік қаулылар оның атынан рәсімделгені анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әйелдің адвокаты арқылы берген шағымын қарады. Шағым қалалық полиция басқармасы лауазымды тұлғасының Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабы 1-бөлігінің 4-тармақшасы бойынша (үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулысына қатысты болды.

Лауазымды тұлғаның қаулысымен әйел 43 250 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шағымды қарау қорытындысы бойынша сот оның талаптарын қанағаттандырып, шағымдалған қаулының күшін жойды. Сонымен қатар әкімшілік іс жүргізудің заңдылығын тексеру барысында сот жеке назар аударуды қажет ететін мән-жайларды анықтады.

Сот отырысында қаулы өз атынан рәсімделген полиция қызметкері оны жеке өзі шығармағанын түсіндірді. Ол өзіне тиесілі электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін басқа қызметкерге бергенін, ал тиісті электрондық құжатты сол қызметкер рәсімдегенін айтты.

Бұл мән-жайлар қаулының нақты авторын, оның қызметтік өкілеттіктерін, электрондық құжатты қол қою тәртібін және пайдаланушылардың әрекеттері туралы ақпараттық жүйе деректерін тексеруді қажет етті.

Сонымен қатар сот әйелге әкімшілік істі лауазымды тұлғаның қарау уақыты мен орны туралы тиісті хабарлама жасалғанын дәлелдейтін дәйектердің жоқтығын анықтады. Тиісті хабарламаның жіберілгені мен алынғанын растайтын деректер ұсынылмаған.

Сот талқылауына қатысушылар тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, әкімшілік іс жүргізудің қажетті материалдары, оның ішінде әйелді шақыру туралы құжаттар, дәлелдемелер және қаулы шығаруға негіз болған тексеру материалдары ұсынылмады.

Осыған байланысты сот отырысы бірнеше рет кейінге шегерілді, алайда анықталған кемшіліктер жойылмады.

Сот бұл мән-жайлар электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілттерін пайдалану, әкімшілік қаулыларды рәсімдеу, іс жүргізуге қатысушыларды хабардар ету, дәлелдемелік базаны қалыптастыру және материалдарды сотқа ұсыну бойынша ведомстволық бақылаудың кемшіліктерін көрсететінін анықтады.

Бұзушылықтарды жою мақсатында сот Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығына жеке қаулы шығарды.

Сот қызметтік тексеру ұйымдастыруды, электрондық қаулыны іс жүзінде дайындап, қол қойған адамды анықтауды, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін беру және пайдалану мән-жайларын, сондай-ақ пайдаланушылардың әрекеттері туралы ақпараттық жүйе деректерін тексеруді міндеттеді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.