Оралда сот 17 жыл бұрын шығарылған шешім бойынша 18 млн теңгеден астам қарызды өндіріп алу туралы атқару ісін қозғауды заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, облыстың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтың жеке сот орындаушысына қойған талабын қанағаттандырды. Сот атқару ісін қозғау туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жойды, сондай-ақ борышкерге қойылған барлық шектеулерді алып тастауды міндеттеді.
Дау банктің пайдасына талапкерден 18 351 385 теңге қарыз өндіріп алу туралы сот шешімінің негізінде туындаған.
17 жыл ішінде атқару құжаты бірнеше рет түрлі сот орындаушыларына беріліп, борышкердің мүлкі мен табысы болмағандықтан өндіріп алушыға қайтарылған.
Кейін жеке сот орындаушысы атқару ісін қайта қозғап, борышкерге мәжбүрлеп орындату шараларын қолданды: банк шоттарына тыйым салды, белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым қойды және Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қойды.
Жеке сот орындаушысының әрекеттерімен келіспеген борышкер сотқа жүгініп, атқару құжатын мәжбүрлеп орындатуға ұсынудың заңда белгіленген мерзімі өтіп кеткенін көрсетті.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атқару құжатын мәжбүрлеп орындатуға ұсыну мерзімі үш жылды құрайды. Сонымен қатар заңда атқару құжаты өндіріп алушыға әр қайтарылған сайын бұл мерзімнің үзілуі көзделген. Үзілістен кейін мерзім оның үзілуіне дейін өткен уақытты ескере отырып, қайтадан есептеледі.
Сот атқару құжаты банкте болып, мәжбүрлеп орындатуға ұсынылмаған барлық кезеңдерді тексерді. Есептеу қорытындысы бойынша 17 жыл ішінде банк атқару құжатын орындатуға ұсынбай, жалпы алғанда 3 жыл 11 ай 21 күн ұстағаны анықталды. Бұл кезең заңда белгіленген үш жылдық мерзімнен асып кеткен.
Сот атқару құжаты белгіленген мерзімнен кейін түскен жағдайда жеке сот орындаушысы атқару ісін қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығаруға міндетті болғанын атап өтті.
Жеке сот орындаушысының бұған дейін басқа жеке сот орындаушылары шығарған осыған ұқсас қаулыларға дау айтылмағаны туралы дәйектерін сот негізсіз деп таныды.
Нәтижесінде сот дауланған атқару ісін қозғау туралы қаулының күшін жойып, жеке сот орындаушысын жіберілген бұзушылықтарды жоюға, оның ішінде банк шоттарына тыйым салу және Қазақстаннан шығуға уақытша шектеу қою сияқты қолданылған мәжбүрлеп орындату шараларын алып тастауға міндеттеді.
Жеке сот орындаушысы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Сот актісі орындалмаған жағдайда жауапкерге 50 айлық есептік көрсеткіш (216 250 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.


